2022 жылдың қорытындысы бойынша қор нарығын капиталдандыру геосаяси жағдайдың шиеленісуі, инфляцияның өсуі және ақша-кредит саясатын қатаңдату себебінен сыйақы мөлшерлемелерінің өсуімен байланысты жаһандық үрдістердің ықпалымен 19,4%-ға 35,6 трлн теңгеге дейін (2022 жылғы желтоқсанда 4,7%-ға төмендеу) азайды.
Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылы 26,4%-ға 21,2 трлн теңгеге дейін азайды (2022 жылғы желтоқсанда 6,5%-ға төмендеу).
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 100 эмитенттің 114 акциясы болды. «KASE Global» секторында 46 түрлі акция болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша KASE өкілдік тізіміндегі акциялар бағасының төмендеуі нәтижесінде KASE индексі 3 251,64 тармаққа дейін 11,5%-ға төмендеді.
2022 жылы акциялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 27,3%-ға төмендеп, 307,3 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 17 есе ұлғайып, 198,3 млрд теңгені құрады.2022 жылғы желтоқсанда қор нарығындағы белсенділіктің артуы нәтижесінде KASE сауда жүйесінде 137,5 млрд теңге немесе инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдерінің жалпы көлемінен 89%-ды тартылған «ҚазМұнайГаз» АҚ ІРО-сымен байланысты болды.
Корпоративтік облигациялар нарығы ақша-кредит талаптарын қатаңдату аясында қорландыру құнының қымбаттауы, сондай-ақ осы нарықта қолданыстағы шығарылымдарды өтеу нәтижесінде 2022 жылы 6,3%-ға 14,4 трлн теңгеге дейін азайды (2022 жылғы желтоқсанда 1,9%-ға төмендеу).
2023 жылғы 1 қаңтарда KASE сауда-саттық тізімдерінде 83 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 346 шығарылымы болды.
2022 жылы KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 25,6%-ға өсіп, 2,5 трлн теңгені құрады.
Тартылған қаржыландырудың көлемі 2022 жылы 30,5%-ға 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Тартылған қаржыландырудың жиынтық көлеміндегі ең үлкен үлес квазимемлекеттік сектордың компаниялары тиесілі - 95% немесе 1,4 трлн теңге, ал жеке сектор субъектілерінің үлесі 5% немесе 86 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2022 жылы 21,0%-ға 21,5 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда өсім - 5,2%).
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 67,9%-ға ұлғайып, 2022 жылы 6,0 трлн теңгені құрады.
МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2022 жылы 53,5%-ға 4 145,7 млрд теңгеге дейін өсті. Оның ішінде 176,4 млрд теңгені 12 облыстың, Алматы қ., Астана қ. мен Шымкент қ. әкімдіктері тартты. Қаржы министрлігі орташа алынған кірістілігі жылдық 10,21-16,58% болатын 3 969,2 млрд теңге тартты. 2022 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі 575 млрд теңгені құрады.
Инвесторлардың негізгі санаттары бойынша бастапқы нарықта банктер үлесіне 14,5%, брокер-дилерлердің үлесі 0,7%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 74,4%, өзге заңды тұлғалардың үлесі 10,4%, жеке тұлғалардың үлесі 0,1%-дан аз болды.
2022 жылы инвесторлар санының өсуі жалғасты. Инвесторлардың ашық шоттарының саны 550,2 мыңға дейін 149,3%-ға өсті, бұл брокерлік қызметтерге қашықтан қол жеткізу жүйелерін дамыту, сондай-ақ ірі қазақстандық банктердің брокерлік қызметтер нарығына шығуы бойынша қабылданған шараларға байланысты.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ұжымдық инвестициялар нарығында 47 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 22 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер негізінен 2022 жылғы желтоқсанда 1 инвестициялық пай қорының активтерін клиенттердің алып қоюы есебінен 2022 жылы 74,2%-ға азайып, 2023 жылғы 1 қаңтарда 125 млрд теңгені құрады (2022 жылғы желтоқсанда 69,8%-ға төмендеу).
Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 38 брокер мен дилер (15 банк және 23 банктік емес ұйым), 10 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ жұмыс істейді.
Брокерлердің және (немесе) дилерлердің, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылардың активтері 2022 жылы 14,6%-ға 579,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 6,8% өсті).
2022 жылы брокерлердің және (немесе) дилерлердің, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылардың жиынтық пайдасы 9,4 млрд теңгені (2021 жылы – 87,5 млрд теңге).