Назарларыңызға «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкеновпен сұхбатты ұсынамыз. Спикер брокерлік бизнесті цифрландыру, қор нарығын дамыту және инвесторлардың көбеюі туралы түрлі сұрақтарымызға жауап берді.
– 2022 жыл қор нарығының қатысушыларына қалай болды?
– Шыны керек, өткен жыл кәсіби қатысушылар үшін оңай болмады. Нарықта көптеген жағдайлар болды. Оның ішінде экономикалық, саяси оқиғалар бар. 2020-2021 жылдарды нарықтың өскені белгілі. Ол кезде индекстер де, компаниялардың бағамы да айтарлықтай өскен еді. Мәселен, коронавирус басталған кезде ақша-несие саясаты қатты жеңілдеді және дүние жүзінде ақша массасы көбейді. Соның әсерінен біршама компаниялардың акциялары нарықтан кері сатып алынды. Нәтижесінде олардың бағасы тез өсті.
Бірақ мұның кері ықпалы да бар. Ол – инфляция. Инфляция екі жылдан кейін бумеранг сияқты қайтып кеп, нарыққа теріс әсерін тигізді. Сондықтан 2022 жылы инфляция қарқыны жоғары болды. Американың өзінде инфляция 8-9%-ға жетті. Әрине, мұндай жағдайда Амриканың, Еуропаның орталық банктері негізгі мөлшерлемесін өзгерткен болатын. Егер 2020 жылға шейін ол 0 бағамында болса, кейін 4,75%-ға дейін жетті. Банктер несиесі қымбаттады, депозиттердің мөлшерлемелері өсті, мемлекеттік облигациялардың табыстылығы артты. Мұндай шаралар ақша-несие саясатын қатаңдату мақсатында жасалған болатын. Ал ақша азайған кезде көптеген компаниялар сатылып, бағамы құлады. Бұл – экономикаға қан жүгірту мақсатында жасалған шаралар болса керек. Бірақ көптеген компанияның бағасы төмендесе де, бағамы төмендеген жоқ. Олар сол күйінде жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Ал Freedom Broker үшін жыл қалай өтті?
– Табысты жыл болды. Біз үш ай сайын өз есептерімізді жасап отырамыз. Оған сәйкес, табысымызды өсіріп келгенімізді көріп отырмыз. Мысалы, «Фридом Финанс» АҚ-ның 2022 жылдағы таза кірісін 2021 жылдағы таза кіріспен салыстырғанда 134,9% ұлғайды. Әрине, бұл көрсеткішке клиенттік базаның өсуі арқасында жеттік. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстан нарығында қандай қиын жағдай болса да, елімізде ең ірі «ҚазМұнайГаз» IPO-сы ұйымдастырылған еді. Соның арқасында көптеген тұтынушы келді.
– Былтыр компанияларыңыз ребрендинг жасады. Ондай шаралар не үшін қолға алынды?
– Freedom бренді алғаш рет жұмысын тек қана брокер ретінде бастаған еді. Ол кезде компанияның аты Freedom Finance болатын. Біздің акционердің мақсаты – қаржы экожүйесін жасау. Яғни, дами келе, қатарымызға сақтандыру компанияларын қостық, сонымен қатар, банк те сатып алдық. Бұл ретте, бәріне Freedom Finance деген ат үйлеспейтіні анық. Мұнда басты сөз «freedom» болғандықтан, оны қалдыруды ұйғардық. Кейін компанияның қызметіне қарай қосымша сөз қосып, ребрендинг жасаған болатынбыз.. Қысқаша айтсақ, ребрендинг компанияларды өзара оңай ажырату үшін жасалды.
– Freedom Broker биылға қандай жоспар қойып отыр? Тұтынушыларға жаңа өнімдер мен инновациялар ұсынасыз ба?
– Freedom және инновация – синоним сөздер іспетті. Өйткені біздің басты мақсатымыз – көптеген қызметтерді физикалық түрден цифровизацияға ауыстыру. Өзіңіз білесіз, біз Қазақстан бойынша емес, дүние жүзінде цифрлық ипотеканы енгіздік. Яғни, бір күннің ішінде, азаматтың ЖСН теру арқылы 10 минутта ипотека алатындай деңгейге жеттік. Сақтандыру қызметтеріміз де инновацияланды. 2023 жылы қызметтік жұмысты жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Брокерлікті, сақтандыру компанияларды, банк өнімдерін цифрландыру – қазіргі заманның талабы. Өйткені халық онлайн қызмет алғысы келеді.
– 2022 жылы қазақстандық брокерлік компаниялар үшін негізгі күрмелі мәселелер не болды?
– Егер қазақстандық брокерлерді алатын болсақ, олардың алдында жеке инвесторларды тарту, бәсекелестікті арттыру мақсаты тұрды. Бұрында қазақстандық ірі брокерлік компаниялар санаулы болса, қазіргі кезде бәсекелестіктің өскенін көріп отырмыз. Ол «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-cына да байланысты шығар деп ойлаймын. Өйткені мемлекет те үлкен қадам жасап отыр. Квазимемлекеттік компанияларды нарыққа шығару бойынша әрекеттер жасалды. Бұрын ол «Халықтық IPO» деп аталды, яғни көптеген активтерді нарыққа шығару мақсат болып отыр. Сондықтан қазақстандық брокерлер үшін күрделі мәселе – жеке инвесторларға жоғары деңгейде қызмет көрсету. Мысалы, 2014 жылғы бірінші «Халықтық IPO»-ны, «KEGOC» компаниясын алайық. Ол кезде құжаттарға қағаз жүзінде қол қою керек болатын. Бұл көп уақыт алатын. Ал бүгінде есеп онлайн түрде 15 минутта ашылады. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Бұл ретте, былтыр көптеген брокерлік компания өз платформаларын іске қосып, есептерді тез арада ашып, жеке инвесторларға жоғары деңгейде қызмет көрсетті деп ойлаймын.
– Орталық депозитарийдің мәліметі бойынша 2022 жылда отандық қор нарығында инвесторлар саны айтарлықтай артып, брокерлік шоттар саны 4 есе өсті. Сіздің ойыңызша, бұған қандай факторлар әсер етті? Бұл үрдіс осы жылы да жалғаса ма?
– Мысалы, тек Орталық депозитарийдің өзінде 2022 жылдың соңы бойынша 547 мыңнан астам дербес шоттар ашылды. Әсіресе соңғы айларда көп шот ашылды. Оның себебі, «ҚазМұнайГаз» компаниясына байланысты, яғни, инвесторлар жоғары қызығушылық танытып жатыр. Ақпарат та қолжетімді бола түсті. Брокерлік компания жедел түрде есепшот ашып, ақпарат беріп, оқу материалдарын дайындап, қор нарығы оңай екенін түсіндіріп, көрсетті. Соның нәтижесінде көптеген қазақстандық қор нарығына келіп жатыр. Олардың қатары әлі де өседі. «ҚазМұнайГаз» жалғыз компания емес, «Самрұқ Қазынаның» жүргізейін деп отырған бағдарламасы бар. Одан бөлек, «AirАstana» және тағы бірнеше ірі компаниялардың IPO-cын күтіп отырмыз. Бұл – тұтынушылар арасында қызығушылықты арттырады деген сөз.
– Инвестициялық портфельдің жеке құралдарына сұраныс қалай өзгеріп жатыр?
– 2022 жыл аумалы-төкпелі болып өтті. Индекстер 15-20% шамасында төмендеді. Мәселен, 2020-2021 жылдары тұтынушының орташа портфелі, негізінен, IPO-да болды. Олардың тәуекелділігі жоғары болса да, табысы көп еді. Сол кезде біздің тұтынушылар акцияларын IPO компанияларының портфелінде ұстаған болса, 2022 жылы жағдай өзгертіп, портфель акциялардан облигацияларға өткен болатын. Сондықтан, оның құрамы тұрақты мөлшерлемемен табыс беретін бағалы қағаздарға көшкен еді. Бұрындары бұл көрсеткіш 5-10% болса, қазіргі кезде 30-40%-ға дейін артты. Ал акциялар 90-95%-дан 50-55%-ға төмендеді. Бұл – нарықтағы стандартты жағдай. Бұл – брокерік компанияларда болатын қалыпты үрдіс. Осы жылы да сол құралдарға сұраныс көп болды.
– Ішкі бағалы қағаздар нарығының одан әрі жылдам дамуы үшін қандай драйверлер қажет?
– Мемлекет жағынан белгілі бір көмек қажет. Егер сіз супермаркетке барсаңыз, бірақ, онда таңдайтын тауарлар саны аз болса, сіз, әрине, ол супермаркетке енді бармайсыз. Шетелдік супермаркетті тауып алып, сонда сауда жасайсыз. Бұл ретте, қазақстандықтар шетелдік компаниялардың акцияларын сатып алуға қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Өйткені ол жақта таңдау бар. Ал Қазақстанда ол енді дамып келеді. Бірақ өткен 5 жылмен салыстырғанда ілгерілеу бар. Бұрын акциялардың саны 5-10 болса, қазір 15-тен асып кетті.
– Сұхбатыңызға рахмет!