Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М. Е. Әбілқасымованың сұхбаты.
2022 жылы Қазақстанның қор нарығындағы жағдай қандай болды және оған қандай факторлар әсер етті?
Капитал нарықтарындағы қазіргі үрдістер жоғары құбылмалылықпен және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуінен туындаған жағымсыз жағдайдың күшеюімен сипатталады. Орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуына байланысты әлемдік қор нарығына баға деңгейінің көтерілуі мен сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі әсер етеді.
Биыл қаңтар айынан бастап S&P 500 аса ірі компанияларының индексі 20%-ға төмендеді. Ұқсас жағдай Dow Jones өнеркәсіптік индексіне (-9%) де қатысты.
Жалпы үрдістер Қазақстандық қор нарығына, негізгі ойыншылар мен шетелдік инвесторлардың көңіл-күйіне де әсер етті. Егер 2020 – 2022 жылдар аралығындағы кезеңде KASE қор нарығын жиынтық капиталдандыру 1,5 еседен астам 29 трлн теңгеден 44,2 трлн теңгеге дейін өсіп, ІЖӨ-ге 54%-ға жетсе, жыл басынан бері Қазақстандық қор нарығын жиынтық капиталдандыру 15,4%-ға немесе 6,9 трлн теңгеге 37,3 трлн теңгеге дейін қысқарды.
2022 жылдың басынан бастап KASE өкілдік тізіміндегі акциялар құнының төмендеуі KASE индексінің 12%-ға 3 240 тармаққа төмендеуіне әсер етті.
Жыл ортасынан бастап нарықты капиталдандыру көрсеткіші листингтік компаниялардың акциялары құнының өсуін қалпына келтіру және борыштық қаржыландыруды тартуды жеделдету есебінен біртіндеп қалпына келуде.
2022 жылы Агенттік облигациялардың 76 жаңа шығарылымын тіркеді. Агенттік тіркеген шығарылымдардың жалпы көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көлемінен 36%-ға көп. Оның ішінде KASE-де 1,1 трлн теңге орналастырылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15%-ға жоғары. Бұл ретте тартылған қаржыландырудың жиынтық көлеміндегі ең көп үлес бұрынғыдай квазимемлекеттік сектор компанияларына тиесілі –95% немесе 1 028 млрд теңге, ал жеке сектор субъектілерінің үлесі 5%-ды немесе 54 млрд теңгені құрады. Бұл Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін арттыру және инфляциялық процестерді жеделдету салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қор нарығындағы қаржыландыру құнының қымбаттауына байланысты.
Агенттік қор нарығының экономиканы қаржыландырудағы рөлін күшейту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
Агенттіктің экономиканы қаржыландырудың тиімді арнасы ретінде қор нарығын дамыту жөніндегі негізгі міндеттері инвесторлық базаны күшейту, сапалы қаржы құралдарының санын ұлғайту және нарыққа жаңа эмитенттер шығару болып табылады.
Инвесторлық базаны ұлғайту үшін Агенттік соңғы екі жылда бөлшек инвесторлардың қор нарығына кіруін жеңілдетуге және институционалдық инвесторлар сегментін күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады.
2020 жылы Агенттік биометриялық және серпінді сәйкестендіруді пайдалана отырып, брокерлік шарттарды қашықтан жасасу мүмкіндігін енгізді. 2021 жылдан бастап банктерге өз клиенттеріне брокерлік қызметтердің барлық аясын көрсету мүмкіндігі берілді. Биыл бірқатар ірі банк банктік мобильдік қосымшалар арқылы бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігін енгізді.
Қабылданған шаралар бөлшек инвесторлардың қор нарығына шығуын жеделдетуге ықпал етті. Олардың саны 2020 жылдан бері төрт еседен астам өсіп, 523 мыңға жетті.
Бүгінгі күні брокерлік шарттардың 98%-ы электрондық тәсілмен жасалады, бұл Қазақстан нарығындағы брокерлік қызметтердің инклюзивтілігін айтарлықтай арттырады.
Институционалдық инвесторлар сегментін күшейту үшін
2021 жылдан бастап Агенттік БЖЗҚ зейнетақы активтерін салымшылардың таңдауы бойынша жеке компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігін іске асырды. Бүгінгі таңда жеке басқарушы компаниялардың басқаруына
8,8 млрд теңгеге зейнетақы активтері берілді.
ШОБ субъектілері үшін қор нарығы арқылы қаржыландырудың тартымдылығын арттыру үшін Үкімет Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі
2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесіне субсидиялар алу мүмкіндігін көздеді. Нәтижесінде, көрсетілген қағидалар шеңберінде шығарылған облигациялар бойынша эмитент үшін түпкілікті мөлшерлеме 6% деңгейінде белгіленді, сондай-ақ қамтамасыз етудің болу қажеттілігі алып тасталды.
Бұған қоса, аталған Ұлттық жоба шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан 2,5 млрд теңгеге дейінгі сомаға негізгі борыштың 50%-ы мөлшерінде кепілдіктер алу мүмкіндігі көзделген. Осы облигацияларға институционалдық сұранысты ынталандыру үшін қаржы ұйымдарына оларды өз портфельдеріне сатып алуға рұқсат етілді.
Сонымен қатар, компаниялардың қор нарығына шығуы үшін жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары Агенттік компаниялар үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісін айтарлықтай кеңейтті. Заңнамаға жеке орналастыру облигациялары, инвестициялық облигациялар, өтеу мерзімі жоқ облигациялар, сондай-ақ ESG облигацияларының 4 түрі: жасыл және әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары, орнықты дамуға байланысты облигациялар сияқты құралдардың жаңа түрлері енгізілді.
Олар енгізілген сәттен бастап KASE алаңында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жеке орналастыру облигациялары және 127 млрд теңгеге ESG-облигациялар орналастырылды.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Агенттіктің, сондай-ақ қор нарығына кәсіби қатысушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде ішкі қор биржаларында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жергілікті IPO-сын сәтті өткізуге қол жеткізілді.
Бұл орналастыру жергілікті инвесторлардан тартылған инвестициялар сомасы және олардың саны бойынша Қазақстан Республикасында рекордтық көрсеткішке ие болды. IPO-ға 129 мың инвестор қатысты. Осы IPO шеңберінде барлығы 153 млрд теңге тартылды, оның 137,5 млрд теңгесі немесе 89%-ы KASE-ге орналастырылды.
Осындай ірі Қазақстандық компанияның қор нарығына табысты шығуы кейіннен басқа ұлттық және жеке компаниялардың IPO-ға шығуына серпін береді, бұл биржалар листингіндегі сапалы құралдардың санын едәуір арттырады, сондай-ақ FTSE және MSCI қор нарықтарының халықаралық индекстеріндегі Қазақстанның позициясын арттыруға мүмкіндік береді.
Қор индекстері қызметтерінің соңғы бағалауы бойынша Қазақстанның қор нарығы FTSE «Secondary Emerging markets» санатының сапалық өлшемшарттарына және MSCI индексінің «Emerging Markets» санатының негізгі сапалық өлшемшарттарына толық сәйкес келетінін атап өткен жөн.
Кәсіби қатысушыларды жүйелік маңыздылығына және қызмет ауқымына қарай тепе-тең реттеуге көшу жөніндегі Агенттіктің жұмысы ерекше назар аударуға лайық.
Әр түрлі тұтынушыларға алуан түрлі қызмет көрсететін брокерлерді құру, сондай-ақ брокерлік қызметтердің географиясын кеңейту үшін Агенттік брокерлердің капиталына сараланған талаптар енгізді.
Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлер үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшері 30 млн теңгені құрайды. Клиенттердің шоттарын жүргізу құқығы бар брокерлер үшін – 150 млн теңге. Меншікті капиталының ең жоғары мөлшері қызметті зейнетақы активтерін басқарумен қоса атқаратын брокер үшін 3 млрд теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі ұлғайған жағдайда меншікті капиталдың мөлшері де ұлғайтылуға тиіс.
Бұл ретте бұрын брокерлер үшін меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін айқындауға бірыңғай тәсіл қолданылды, ол 183 млн теңгеден бастап құрады.
Қабылданған шаралар брокерлердің нарыққа шығуына кедергілерді азайтуға және брокерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасы мен құнына оң әсер етеді.
Агенттіктің алдағы жылға Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі жоспарлары қандай?
Әлемдік практикада қор нарығының құрылымы мен құралдарын жетілдіру процесі тұрақты сипатқа ие. Сондықтан таяудағы жылы реттеушінің бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі жұмысы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және оны озық халықаралық практикаға сәйкес келтіруге бағытталатын болады.
Атап айтқанда, Агенттік Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп, инвестициялық және венчурлік қорлар қызметінің жаңа заңнамалық негізін әзірлейді. Аталған жұмыс шеңберінде қосымша «траст» ұғымын көздеу, сондай-ақ эндаумент-қорлардың активтерін инвестициялық басқарушыларға басқаруға беру мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр.
Қор нарықтарының индекстеріне (S&P, MSCI, FTSE) байланысты басқарудағы активтердің әлемдік құрылымдағы пассивті инвестициялар үлесінің өсуіне байланысты Қазақстанның заңнамасына ETF (биржалық қорлар), ETN (биржалық ноттар) – инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарының жаңа түрлері енгізілетін болады.
Сонымен қатар, Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының компанияларын қор нарығына шығару, сондай-ақ ағымдағы листингтік компаниялардың еркін айналыстағы акцияларының үлесін ұлғайту бойынша Үкіметпен бірлескен жұмыс жалғастырылады.
Бұған қосымша, Агенттік қор нарығының инфрақұрылымын одан әрі нығайту бойынша шаралар қабылдайды. Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің негізінде өңірлік есеп айырысу-есепке алу хабы қалыптастырылады, ол арқылы шетелдік инвесторлар жергілікті нарыққа қашықтан қол жеткізе алатын болады. Орталық контрагент институтын күшейту және оның қызметін Еуропалық директивалардың талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Сонымен қатар, қор нарығында институционалдық сұранысты күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде БЖЗҚ салымшыларының мүмкіндіктері кеңейтілетін болады.
Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігінің болуына байланысты салымшылардың таңдауы бойынша зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру бастамасы тиісті дамыған жоқ. Сондықтан азаматтардың осы бастамаға деген қызығушылығын арттыру үшін Мемлекет басшысы ең төменгі жеткіліктілік шегінің болуына байланыстырмай зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін жеке басқаруға беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бұл азаматтардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ зейнетақы жинақтары есебінен экономиканы неғұрлым әртараптандырылған қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жеке компаниялардың басқаруындағы активтердің үлкен көлемі оларға инвестициялық портфельді әртараптандыруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл оның кірістілігіне оң әсер етеді.
Бұдан басқа, зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Ол үшін нарықтық бенчмарктарды ескере отырып, жеке басқарушылардың зейнетақы активтерінің номиналды кірістілігін өтеу тәсілдерін қайта қарау, сондай-ақ жеке басқарушылардың сатып алуы үшін рұқсат етілген сенімді қаржы құралдарының тізбесін кеңейту жоспарлануда.