2022 жылғы желтоқсанда депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозитінің көлемі 30,9 трлн теңгеге дейін 4,8% ұлғайып (2022 жылы 14,1% өсті), 2022 жылғы шілдеден бастап ең жоғары айлық өсімді (7,6%) көрсетті. Желтоқсанда салымдардың едәуір өсуі негізінен жеке тұлғалардың теңгедегі салымдарының түсуі есебінен қамтамасыз етілді.
Желтоқсанда ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың салымы ұлғаюы есебінен өсті. Шетел валютасында заңды тұлғалар қаражатының қысқаруы есебінен депозиттердің төмендеуі байқалды.
Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 2,3% өсті. Олардың құрылымында теңгедегі салымдардың 8,4% өсуі есебінен артты, ал валютадағы депозиттер 7,8%-ға азайды, бұл өз кезегінде қаражаттың валютадағы салымдардан теңгедегі салымдарға ауысуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 7,3% ұлғайды. Бұл ұлттық валютадағы салымдардың 9,3% айтарлықтай өсуі нәтижесінде орын алды, шетел валютасындағы салымдар 2,9% өсті. Желтоқсанда ұлттық валютадағы салымдардың өсуі базалық мөлшерлеме деңгейінің ұлғаюы жағдайында да орын алып, халықтың депозиттері үшін ҚДБКҚ-ның шекті мөлшерлемелерінің өсуіне әкелді. Мәселен, халықтың мерзімсіз салымдары бойынша максималды мөлшерлемелердің мөлшері 2022 жылғы 6 желтоқсаннан бастап 16,3% (2022 жылғы қарашада – 15,5%), 3 және 6 ай мерзіміне толықтыру құқығынсыз жинақ депозиттері бойынша 18,3% (17,5%) құрады.
Осыған байланысты желтоқсанда депозиттерді долларландыру деңгейі 31,6% дейін 2,6 пайыздық тармаққа төмендеді (қарашада – 34,2%, 2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%).
Долларландыру құрылымында заңды және жеке тұлғалардың долларландыруы арасындағы алшақтық төмендеді. Мәселен, желтоқсанда заңды тұлғалардың долларландыруы 33,6% дейін төмендеді (қараша – 37,3%), ал жеке тұлғалардың долларландыруы 29,7% дейін төмендеді (қараша – 31,0%), бұл 2007 жылғы шілдеден бастап ең төменгі көрсеткіш болып табылады.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімдер жағдайында банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы желтоқсанда 14,4% дейін көтерілді (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,3% дейін өсті (8,0%).