Бүкіл әлемдік экономика сияқты Қазақстан экономикасы да соңғы 2 жылда коронавирус пандемиясына байланысты ғасыр дағдарысын бастан өткеріп отыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Қазақстан қаржыгерлер IX конгресінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Бас банкирдің айтуынша, қаржы секторы бүгінгі тезисінде Мемлекет басшысы атап өткен үш жаһандық сын-қатерге қарсы келіп тұр.
Бірінші сын-қатер – инфляцияның жаппай өсуі және әлемдік тауар нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі және тауар жеткізу ісінің тоқтап қалуынан инфляциялық қысымның жоғарылауы.
"Әлемдік экономика қарқынды түрде қалпына келтірілуде және вакцинацияның арқасында осы жылғы 3-тоқсанда пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Әлемдік нақты ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 2021 жылы 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам өседі және Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамдары бойынша 5,9%-ті құрайды деп күтілуде", деді Досаев
Әлемдік экономика қалпына келтірілгеннен кейін шектеулі ұсыныс кезіндегі сұраныстың тез өсуі көптеген жылдар бойы шикізаттың, көлік шығыстарының рекордтық өсуіне және соның нәтижесінде әлемдегі инфляциялық қысымның жоғарылауына алып келеді.
"Жаңа перспективалар мен кең мүмкіндіктер ашатын екінші сын-қатер – бұл пандемия әсерінен бүкіл әлемдік экономиканы жедел цифрландыру. Трансформациялық процестер ұтқырлық, ыңғайлылық және қауіпсіздік талаптарына жауап беретін қаржылық қызметтерді ұсынудың жаңа форматтарын бірінші орынға шығарды", деді Бас банк басшысы.
Күн тәртібінде тұрған үшінші жаһандық сын-қатер – климаттық өзгерістерге қарсы күрес.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге көп көңіл бөледі. Ол бүгін жасыл экономикаға белсенді түрде көшудің және қаржы секторы үшін орнықты даму қағидаттарын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
"Болашақта бізді климаттық жағдайларға тікелей әсер етуден басқа жауапты инвестициялау қағидаттары ескерілген қаржылық ландшафттың өзгеруі күтіп тұр.
Жаһандық сын-қатерлер мен ағымдағы үрдістерді ескере отырып, Ұлттық Банк осы жылғы наурызда Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті, ол ақша-кредит саясатын жүргізудің институционалдық және операциялық негізін күшейту, қаржы секторын монетарлық саясаттың тиімді делдалы және жолсерігі ретінде дамыту, сондай-ақ макроэкономикалық саясаттың контрциклдылығын арттыра отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыру сияқты үш негізгі бағыттан тұрады", деді.
Стратегияда тиімді макроэкономикалық саясатты іске асыруға жауапты барлық мемлекеттік органдарға арналған міндеттер тығыз ұштастырылған. Сондықтан ақша-кредит саясатының барлық мақсаттарын толыққанды іске асыру үшін біз биылғы ақпанда 2019 жылы алғаш рет қалыптасқан практиканы жалғастыра отырып, Үкіметпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы жаңа келісімге қол қойдық.