ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ карантиннің бала тууға әсері туралы еларалық зерттеу жүргізді.
Ұлттық статистикалық деректерді талдау, зерттеу жүргізілген елдердің көпшілігінде карантин тууға теріс әсер еткенін көрсетті.
Зерттеу барысында ЕРДО сарапшылары 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылдың соңғы айына дейінгі кезеңге әртүрлі елдердегі туу туралы нақты деректерді өткен 4-5 жылдағы туу қарқыны негізінде есептелген және егер пандемия және басқа өзгерістер болмаса, туу инерциясы бойынша жүретін тренд мәндерімен салыстырды.
Осылайша Португалияда, Румынияда және Чилиде туу деңгейі сәйкесінше 9%-ға, 12%-ға және 19%-ға төмен болғаны байқалды. АҚШ пен Швейцарияда мұндай төмендеу 4-5%-ды құрады. Бельгия, Италия, Словения, Испания, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Франция елдерінде туу көрсеткіші 1,3-2,5%-ға төмендеді (трендпен салыстырғанда).
Алайда кейбір елдерде карантин және онымен байланысты шаралар баланың дүниеге келуіне оң әсер етті. Мәселен Тайваньда, Нидерландта, Корея Республикасында нақты туу көрсеткіші трендтік мәннен 3,1-5,6%-ға асып түсті.
«2019 жылы Нидерланд пен Корея Республикасындағы жұмыссыздық деңгейі өте төмен болып, 3,4% және 3,8%-ды құрады, ал 2021 жылғы шілдеге тиісінше 3,1% және 3,3% болды, яғни пандемияға дейін тіпті аз. Тайваньда да жұмыссыздық деңгейі өте төмен болды: 2019 жылы 3,7% және 2021 жылдың сәуірінде 3,6%. Бұл дегеніміз, Нидерланд, Корея Республикасы және Тайвань пандемия кезінде жұмыссыздық деңгейі одан да төмен болған, дағдарыспен сәтті күресудегі бірнеше елдердің қатарына енді. Бұл аталған елдердің тұрғындарының көңіліне сенім ұялатып, бэби-бумға ықпал етуі мүмкін», – деп тұжырымдады ЕРДО Болжамдау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.
Тренд мәні Украинада (7,3%-ға) және Ресейде (8,8%-ға) асып түсті. Алайда, бұл Ресей мен Украинада туудың карантинге дейінгі кезеңмен салыстырғанда жоғарылағанын білдірмейді. Мысалы соңғы жылдары Украинада туудың төмендеу үрдісі байқалды: бұрынғы динамиканың сақталуымен 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың маусымына дейін туылғандардың саны 166,6 мыңды құрауы мүмкін еді, бірақ карантиннің арқасында туудың төмендеу қарқыны баяулап, 178,8 мың нәресте тіркелді.
Ресейде карантиннің және тууды ынталандыру шараларыныңоң әсерікөптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан туу көрсеткішінің төмендеуі қазірге кезде тұрақтанып келетінінен байқалады. Мәселен 2019 жылғы қарашадан бастап 2020 жылғы шілдеге дейін жаңа туған нәрестелер саны 1 млн 29 мыңды құрады. Ал 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы шілдеге дейін – іс жүзінде осынша – 1 млн 28 мың нәресте дүниеге келді. Бұл трендтен 8,8%-ға жоғары.
«Көрші елде» туу көрсеткішінің тұрақтануы тууды ынталандырудың жаңа шараларынан туындауы мүмкін. Сондықтан шешуші фактор карантин немесе тууды ынталандыру шаралары болды ма, ол басы ашық мәселе және қосымша зерттеуді қажет етеді. Талдау үшін мүмкіндіктер 2021 жылы туу кезектілігі бойынша бала туудың қолжетімді статистикасының болмауымен шектеліп отыр», – деді Қайырбек Аяшев.
Қазақстанда туудың күрт өсуі 2020 жылдың III тоқсанынан бастап байқалады – туылғандар саны 116,7 мыңды құрады, бұл 2019 жылғы III тоқсанға қарағанда 8,4%-ға артық. 2020 жылғы IV тоқсанда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5%-ды құрады. 2021 жылғы I-II тоқсандарда өсім 2020 жылғы тиісті тоқсандарға қарағанда 8,4 және 10,7%-ды құрады.
«Бізде (Қазақстанда) карантин бэби-бумға әкелді деген пікір кең таралған, алайда, 2020 жылғы III және IV тоқсанының көп бөлігінде бұл тұжырым теріс екенін аңғаруға болады. 2020 жылғы III тоқсанда туған балалар 2019 жылдың IV тоқсанында, тіпті Ухань тұрғындары жаңа жұқпалы коронавирус туралы хабардар болмаған кезде бойға біткен. Сондай-ақ, Қазақстанда 2020 жылғы IV тоқсанда туған балалардың аз ғана бөлігі карантин кезінде бойға бітуі ықтимал, өйткені алғашқы карантиндік шектеулер 2020 жылдың наурыз айының ортасында-аяғында енгізілді», – деп түсіндірді сарапшы.
ЕРДО-да Қазақстанда 2020 жылы бала туу көрсеткішінің өсуінің неғұрлым ықтимал себебі ретінде, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап табысына қарамастан, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенттері бар отбасылар үшін ай сайынғы жаңа жәрдемақының енгізілуін атауда. Бұл ретте жәрдемақының енгізілуі туралы 2019 жылдың қазан-желтоқсанында жарияланды.
Аталған жәрдемақылардың ынталандырушы рөлін Қазақстанда туу кезектілігі бойынша бала туу статистикасы қосымша растайды.
«2020 жылы Қазақстанда 426 824 бала дүниеге келді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 балаға көп. Бала туу өсімінің басым бөлігі (65%) кезектілік бойынша төртінші баланың тууы есебінен қамтамасыз етілді. Бала туудың 24%-ға өсуі балалардың туу кезегі бойынша бесінші есебінен қамтамасыз етілді. Осылайша, Қазақстанда көпбалалы отбасылар бойынша жаңа ай сайынғы жәрдемақы, негізінен кезек бойынша 4 және 5 баланың туылуын ынталандырады.
Қазақстанда балалардың дүниеге келуін одан әрі зерттеуді 2021 жылдың қорытындысы бойынша туу кезектілігі бойынша балалардың тууы туралы деректерге ие бола отырып жүргізуге болады, бұл Қазақстандағы бэби-бумның 2021 жылы неге жалғасқанын: көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақының енгізілуіне немесе карантинге байланысты ма екенін анықтауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Қайырбек Аяшев.
Соңғы қолжетімді мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда 296,5 мың бала дүниеге келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға көп.