"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын іске асыру аясында ағымдағы жылы республикалық маңызы бар автожолдардың 5,8 мың шақырымына ақылылықты кезең-кезеңмен енгізу көзделген, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Аталған жүйені ағымдағы жылдың маусым айында іске қосу жоспарланған болатын. Алайда, тасымалдаушылар тарапынан наразылықтың көптеген фактілері орын алды. Олардың негізгі талабы – жолдарды тиісті жағдайға келтіру болғандықтан, ақылылықты енгізу ағымдағы жылдың күзіне ауыстырылды.

Осы уақыт ішінде Автомобиль жолдары комитетінің, "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК қызметкерлері, Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекциясы учаскелерде комиссиялық тексеруді жүзеге асырды. Оның қорытындысы бойынша бірқатар іс-шаралар айқындалып, жабындыны нормативтік жағдайға келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын учаскелерде ақылылықты кезең-кезеңмен енгізу жоспары әзірленді:

1-кезеңде, яғни ағымдағы жылдың 15 қарашасында ақылылық жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын, 4 жолақты қозғалысы бар бірінші санаттағы республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде енгізілетін болады. Бұл келесідей учаскелер:

- «Нұр-Сұлтан – Павлодар»;

- «Қапшағай – Талдықорган»;

- «Тараз – Қайнар»;

- «Шымкент – Тараз»;

- «Шымкент – Қызылорда»;

- «Шымкент – Ташкент»;

- «Щучинск – Көкшетау».

2-кезеңдеяғни ағымдағы жылдың соңына дейін ұзындығы 4 мың шақырым болатын II және III санаттағы қалған учаскелерде енгізу көзделген.

Бүгінде ақылы жолдарды енгізуге жоспарланған автожолдардың 7 учаскесінде ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсетудің заманауи нысандары жұмыс істеуде. Олардың құрамында дәмханалар, жылы санитарлық-гигиеналық тораптар, қонақ үйлер, дүкендер мен ЖҚС бар. Бұл автожол пайдаланушыларына барынша жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жол жүру ақысының ставкалары 2013 жылғы деңгейдегі, яғни қолданыстағы ақылы учаскелерге ұқсас қабылданды. Жол жүру құнының өсуі қаралмайды.

Ұзындығы 186 шақырым болатын "Қапшағай-Талдықорған" учаскесіне толығырақ тоқталайық.

Аталған учаскеде күтіп ұстау шеңберінде жарықтарды құю, иірімдерді жою жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ кей жерлерде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Учаске бойында қызмет көрсетудің 15 объектісі орналасқан, оның 14 бірлігі С және 1 бірлігі D санатты. Сондай-ақ 20 демалыс алаңы бар.

Бір бағыттағы барлық маршрут үшін жол жүрудің нақты құны анықталған:

  • Жеңіл автокөліктер – 190 теңге.
  • 16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері – 940 теңге.
  • 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері – 1 860 теңге.
  • 32 орыннан жоғары автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі автопоезд жүк автомобильдері – 2 790 теңге.
  • Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері -3 730 теңге.
  • Жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын жүк автомобильдері, оның ішінде тіркемелері бар, ершікті тартқыштар – 4 660 теңге.

Автожолдың ақылы учаскесіне тегін балама маршрут бар: "Алматы – Көкпек – Көктал – Байғазы – Қоғалы – Қарабұлақ – Талдықорған".