Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі бірінші кеңес өтті, деп жазады primeminister.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 1-20 қаңтар аралығында салық жүйесінде 22 мың жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы жеке кәсіпкер, 2 мыңға жуығы заңды тұлға. Жаңа ҚҚС төлеушілердің саны – 7100.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар режимін 137 708 салық төлеуші таңдады. Оның 100 мыңнан астамы бұрын салықтық әкімшілендіру саласында болмаған жеке тұлға. Жаңа режим ЖК тіркеусіз және кассалық аппаратты қолданбай, салық төлемей, табыстың 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер бойынша ғана міндеттемемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ержан Біржанов.
Имплементация кезеңі объективті қиындықтармен бірге жүретіні атап өтілді. Қаңтардың басында салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін (СӘИЖ) іске қосу кезінде техникалық мәселелер тіркелді. Бүгінгі таңда барлық әдістемелік және техникалық мәселелер реттелді. СӘИЖ елдегі ең ірі ақпараттық жүйе болып саналады. Ол бір уақытта 250 мың салық төлеушіге қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда бизнестің негізгі өтініштері қолданбалы сипатқа ие және салық салу режимін таңдауға, хабарламалар беруге, деректерді өңдеудің дұрыстығына, ЭҚЖЖ таңдауға, электрондық шот-фактураларды толтыруға және басқа да рәсімдік мәселелерге қатысты. Салық төлеушілерді жедел қолдау үшін МКД жанындағы консультация кеңселері, call-орталық және SalykBot Telegram-арнасы тұрақты жұмыс істейді.
5 қаңтардан бастап барлық облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда аптасына үш рет «Халық бухгалтері» акциясы өткізілуде. Оған жеті салалық қауымдастықтың атынан 100-ден аса бухгалтер қатысуда. 3 мыңнан астам адам тегін кеңес алды.
Отырыс соңында Серік Жұманғарин реформа кезеңінде Салық кодексінің нормаларын қалыптастыруға және талқылауға баса назар аударылғанын, ал имплементация кезеңінде оларды қолданудың нақты мерзімі, түсінікті тетіктері мен болжамдылығы түйінді мәнге ие болатынын атап өтті.