Қазақстанның 12 өңірінде болған су тасқыны салдарынан келген материалдық шығын 6 млрд теңгеден асуы мүмкін екенін бұған дейін хабарлаған едік. Осы орайда, Naryk.kz редакциясы жеке және заңды тұлғалардан жиналған көмек қаражаттың көлемін есептеп көрді.
Естеріңізде болса, 1 сәуір күні Қазақстан халқына қоры тасқыннан зардап шеккендерге 5 млрд теңге аударатынын хабарлаған. Артынша ірі банктер де бұл бастамаға қосылды.
Атап айтқанда, бірінші болып Kaspi Bank 200 млн теңге аударатынын жариялады. Оның ішінде 80 млн теңгені Қазақстанның 55 мың азаматы жинап берсе, банк үстінен 120 млн теңге қосқан.
Halyk Bank Халық қорымен бірлесіп 1 млрд теңге беретінін жариялады.
Freedom Holding та 1 млрд теңге бөлетінін мәлімдеді.
Бүгін Jusan Bank 300 млн теңге бөлетінін хабарлады.
Банктерден бөлек басқа да ірі бизнес өкілдері қаражат жинауға атсалысты. KazMinerals бен Қазақмыс осы мақсатта 800 млн теңге бөлді.
Болат Өтемұратов та қалыс қалмай, өзінің қорынан 680 млн теңге аударатыны айтылды.
BI Group та 500 млн теңге аударатыны белгілі болды.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы қорына жоғарыда аталған 5 млрд теңгеден бөлек, 3 сәуірдегі жағдай бойынша, қор шотына компаниялар мен жеке тұлғалардан тағы 630 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық жарналары түсті.
Осылайша, қайырымдылықтан жалпы 10,11 млрд теңге жиналған. Бұл келтірілген шығыннан (6 млрд теңге) 4 млрд теңгеден артық көп.
Бұған дейін Naryk.kz республика бойынша 1,7 мың үй зақымданғанын жазған еді.
Айта кетейік, биыл су тасқынының алдын алу үшін бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылып, соның 3 млрд теңгесі осы жолы бөлінген екен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тасқыннан зардап шеккендерге банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені кейінгі қалдыруға рұқсат ететінін хабарлаған едік.