Кеден Одағы аясында ішкі нарықты қолдау немесе тұрақтандыру мақсатында тарифтік және баждық саясат элементтерінің ерекше жағдайларында Қазақстанның қолдануын шектейтін немесе кедергі келтіретін нормалар мен келісімдерді қайта қарау қажет, дейді Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов.
"Соңғы 10 жылда екі ел арасындағы сауда-экономикалық интеграцияны күшейту тенденциясы байқалады. Сонымен қатар, Кедендік Одақ құрылғаннан бері Ресейдің Қазақстан үшін негізгі сауда серіктес ретіндегі рөлі едәуір күшейді деуге болады. Және ең алдымен, осы тенденцияның әсерінен Ресейден келетін импорттың қатты өскені де байқалады.
Егер Кеден одағы құрылғанға дейін 2000-2009 жылдары Ресейден Қазақстанға импортталатын тауарлардың орташа жылдық көлемі 6,6 млрд АҚШ долларын құраса, кейін Кедендік Одақ құрылған соң, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіш екі есе – 13,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті.
Осы тауарлар арасында тұтынуға арналған тауарлардың импортында айтарлықтай өсім байқалған – жалпы импорт көлемі 3,3 млрд АҚШ долларына тең болды. Басқаша айтсақ, Кедендік одақ құрылғаннан кейін басқа елдерден импортталатын тауарлар Ресей импортымен алмастырылды деуге болады", дейді Олжас Төлеуов.
Экономикадағы бұл ұзақ мерзімді құрылымдық өзгерістің айтарлықтай макроэкономикалық әсері болды. Олар, ең алдымен, рубльдің теңгеге қатысты номиналды айырбас бағамының (бұдан әрі – RUBKZT бағамы) Қазақстан экономикасындағы маңызды макропараметр ретінде рөлін күшейтті. Кейіннен бұл экономикалық, әсіресе, ақша-кредит саясатындағы әртүрлі кедергілер мен мәжбүрлі ымыралардың пайда болуына әкеп соқтырды және қабылданған шешімдер мен ақша-кредит шараларының икемділігін шектеді.
Ресейдің Қазақстан үшін «тауар жеткізуші» рөлі саны жағынан да, сапасы жағынан да күшейген кезде, RUBKZT курсының қарқыны қазақстандық тұтынушылардың ресейлік тауарларға деген сұранысына белсенді түрде ықпал ете бастады.
Мысалы, Кеден Одағы құрылғаннан бері Ресейден Қазақстанға тасымалданатын тауарлар импортының көлемі RUBKZT курсының өзгеруіне бұрынғыдан бірнеше есе көп әсер ететін болды. Бұл 2014-2015 жылдары көп байқала бастады, өйткені RUBKZT номиналды курсының 40-50% және рубльге шаққанда теңге бағамы 5,1-тен 2,3-2,6-ке дейін төмендегенде, қазақстандықтардың Ресейдің арзан тауарларына деген сұранысы күрт көбейіп, шын мәнінде 60-100% өсті.
Жалпы, егер де, 2000-2009 жылдары теориялық тұрғыда RUBKZT бағамының орташа айлық курсы 10%-бен төмендегенде (нығайғанда) Ресей тауарларының импорты 2% артып отырған, ал, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіш 6,5% жетті. Басқаша айтқанда, Кедендік одаққа кірер алдында RUBKZT бағамының 0,5-0,6 теңгеге төмендеуі Ресей тауарларына орташа айлық сұраныстың 20-24 миллион АҚШ долларына баламалы мөлшерде өсуіне әкелетін еді. Кеден одағына кіргеннен кейін бұл көрсеткіш 65-78 миллион АҚШ долларына дейін өсті.
Егер «сұр импорт» деп аталатын импорттың көлеңкелі үлесін есепке алсақ, бұл көрсеткіштер шынымен де жоғары болуы мүмкін екенін атап өткім келеді. 2014-2015 жылдары рубль бағамы теңгеге қарағанда екі есеге төмендеген кезде болған жағдайды тағы бір еске түсірейік. Содан кейін, Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, Ресейден Қазақстанға әкелінген автомобильдер саны 2,5 есеге өскен (2014 ж. 95,9 мыңнан 2015 ж. 239,8 мыңға дейін), ал ресми статистикаға сәйкес, ресейлік автомобильдер импорты 44% азайды (2014 жылы 106,8 мыңнан 2015 жылы 59,6 мыңға дейін).
Сондай-ақ, 2014-2015 жылдары Ресейден әкелінген барлық жеңіл автокөліктердің шығын сметасы шамамен 3,4 млрд АҚШ долларына шықты, ал ресми статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш 1,8 млрд АҚШ долларын ғана құрады. Бұл айырмашылық, мүмкін, ресми статистика негізінен заңды тұлғалардың қолма-қол ақшасыз әдіспен төленген операцияларын қамтитындығымен байланысты. Кедендік статистика ескермеген, қалғаны жеке тұлғаларға қатысты және көбіне ақшалай төленген. Бұл өз кезегінде ішкі валюта нарығында рубльге деген сұраныстың артуымен расталды.
RUBKZT бағамының позициясын Қазақстан экономикасындағы негізгі параметрлердің бірі ретінде нығайтуға ықпал еткен тағы бір арна – биржа мен бөлшек валюталық нарықтар арқылы жүзеге асты.
Атап айтсақ, Кедендік одақ құрылғаннан кейін Қазақстан Қор Биржасында (ҚҚБ) және жеке айырбастау пунктері арқылы рубльмен төленген сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсті. Мәселен, егер де 2000-2009 жылдары KASE-де RUBKZT жұбымен, яғни, рубльмен және теңгемен төленген орташа айлық сауда-саттық көлемі 31,0 миллион рубльді құраса, ал халықтың айырбастау пункттерінде Ресей валютасын сатып алуы 1,5 миллиард рубльге теңесті. Ал, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіш 903 миллион рубльге дейін өсті (29 есе) және сәйкесінше 9,4 млрд рубльге дейін (6 есе).
Сонымен қатар, ҚҚБ мен айырбастау пункттерінде рубльмен жасалатын сауда-саттық көлеміндегі RUBKZT өз ықпалында өсім байқалды, яғни, Қазақстанда рубльге сұраныс артты деген сөз.
Теңгенің рубльге шаққандағы нығайған сәті Ресей валютасын өте тиімді бағада сатып алуға болатын мүмкіндікті көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда Ресеймен сауда-саттық жасауда өзінің операциялық және валюталық тәуекелдерін одан әрі хеджирлеу үшін қазақстандық резиденттер рубльді тез және өте көп көлемде сатып алады.
Басқаша айтсақ, Қазақстан импортындағы Ресей тауарларының көлемі көбейіп, позициясы кеңейіп жатқан соң, теңгенің рубльге шаққанда едәуір нығаюы Ресей валютасына деген сұраныстың көбеюіне әкеп соғады. Осыдан барып, біздің валюталық нарық үшін «рубль зәкірі» іспетті эффект пайда болып, ол RUBKZT қарқыны ішкі валюталық нарық қатысушыларының көңіл-күйі мен әрекетіне айтарлықтай әсер етеді.
Кедендік одақ аясында Ресейден келетін импорт артқан соң, Қазақстанда рубль-теңге бағамының ауысу эффектісінің ішкі тұтынушылық инфляцияға деген ықпалы күшейді.
2000-2009 жылдар аралығында, яғни Кедендік одаққа кіргенге дейін теңгенің рубльге қатысты 10%-дық теориялық құлдырауы курс құнсызданған күннен бастап, 12 ай ішінде Қазақстандағы жылдық тұтыну инфляциясының қосымша 0,37 пайыздық пунктке жеделдеуіне әкелуі мүмкін еді. Одаққа кіргеннен кейін, 2010-2020 жылдары бұл өткізу эффектісінің деңгейі 0,85 б.т. дейін өсті.
Басқаша айтсақ, 2010 жылдан бастап ішкі нарықта ресейлік тауарларды тұтыну деңгейі өскен соң, Ресейден инфляция импорты күрт өсті, бұл ең алдымен RUBKZT курсының құбылуы Қазақстанның тұтыну бағасына айтарлықтай әсер еткенімен байланысты орын алған жағдай.
"Мен бұған дейін атап өткендей, Қазақстанның Кедендік одаққа кіруі нәтижесінде ел экономикасында импорттық тауарларды тұтыну үшін ресейлік өнімдердің орнын толтыру түрінде құрылымдық өзгеріс болды. Бұл макро фактор ретінде рублдің теңгеге шаққандағы бағамының рөлінің едәуір өсуіне себеп болды", - дейді Олжас Төлеуов.
Солай бола тұра, RUBKZT ставкасының экономикаға әсерінің өсуі үш канал арқылы жүзеге асты, олар – сауда балансы, валюта нарығы және инфляциялық процестер.
Осы арналар арқылы болған мұндай құрылымдық өзгерістер экономикалық саясатқа тікелей әсер етіп, «рубль тұзағы» деп атауға болатын жаңа шарттар мен шектеулердің пайда болуына негіз берді.
Осылайша, «рубль тұзағы» Қазақстанда ақша-кредит саясатын жүзеге асыруда күрделі дилемманы тудырды. Атап айтқанда, егер теңге рубльге қатысты, әлсіресе, бұл экономиканың тұтынушылық секторында инфляциялық қысымның күшеюіне әкеледі, сонымен қатар біз Ресейге салынатын санкциялар мен басқа да геосаяси күйзелістерді қабылдауға мәжбүр болатын тәуекелдер туындайды.
Егер теңге, керісінше, рубльге қатысты күшейсе, бұл Ресейден келетін қазақстандық импорт тауарлардың одан әрі ұлғаюына, сондай-ақ валюта нарығында өсумен байланысты «рубльдік зәкір» әсерінің күшеюіне әкеледі.
«Рубль тұзағының» Қазақстандағы монетарлық саясатқа әсерін төмендету бойынша қажетті шаралар туралы
«Рубль тұзағы» түріндегі ақша-кредит саясатының туындайтын дилеммасы оның икемділігі мен ішкі және сыртқы күйзелістерге бейімделуін төмендететіні анық. Сонымен қатар, бұл ымыраны тек ақша-кредит саясатының шараларын қолдану арқылы шешу және бұл тұзақтан шығу мүмкін емес.
Сондықтан ақша-кредит саясатының осындай ымырасын жұмсарту үшін мемлекеттің экономикалық саясатының басқа түрлерін кешенді және келісілген түрде жүзеге асырып, көмектесу керек. Бұл көп жағдайда ішкі тұтынудың негізгі импорттық тәуелділігін төмендету шараларына, өнеркәсіптік саясатқа, үкіметтің шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты іс-әрекеттеріне, сондай-ақ ЕАЭО мен Кедендік Одақ аясында сыртқы сауданы реттеу мен дамытуға қатысты.
Қазір Қазақстанда өндіріс шикізат секторында шоғырланған және бизнес пен халықтың дайын өнімге деген қажеттіліктерін толығымен жаба алмайды. Тіпті, өз елімізде өндіруге болатын және рационалды түрде пайдалануға болатын тауарларды есепке алсақ та, импортқа, оның ішінде ресейлік тауарларға деген тәуелділік байқалып отыр.
Басқаша айтқанда, «рубль тұзағынан» шығу үшін Қазақстан халық көп тұтынатын және аралық тұтынатын тауарларды ішкі нарықта өндіруге, соның ішінде аймақтық өндірістің тізбекті бір ізге салуға ынта бере отырып, негізгі импорттәуелділікті азайта беру керек.
Бұл импортты алмастыруға ғана емес, сонымен қатар жергілікті компаниялардың экспорттық әлеуетін әртараптандыруға және арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту институттарының рөлі маңызды, олар инновациялық және өндірістік тиімділікті арттыруға баса назар аудара отырып, тек бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды ынталандырудың жанама шараларына бағытталуы керек.
Бұлардан өзге, Кеден Одағы аясында ішкі нарықты қолдау немесе тұрақтандыру мақсатында тарифтік және баждық саясат элементтерінің ерекше жағдайларында Қазақстанның қолдануын шектейтін немесе кедергі келтіретін нормалар мен келісімдерді қайта қарау қажет.
Осы ұсыныстарды орындаудың бір формасы ретінде, АҚШ пен Мексика арасындағы өзара сауда-өнеркәсіптік әрекеттерді мысалға ала отырып, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарында өңдеуші салаларда макуалды кәсіпорындар мен елдераралық кластерлер құруға болады.
Орта және ұзақ мерзімді перспективада мемлекетаралық экономикалық өзара іс-қимылдың формасы ресейлік кәсіпкерлерге құн тізбегін әртараптандыруға және өндірістің шоғырлану тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді, ал қазақстандық компаниялар дайын ресейлік өнімнің таза импортын минимизациялай алады, бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы теріс сауда балансын көбейтпеуге оң әсерін тигізеді.
Сайып келгенде, мұндай шаралар RUBKZT валюта бағамының Қазақстандағы макроэкономикалық рөлін төмендетуге және сол арқылы елде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың икемділігін арттыруға көмектеседі.