Қазақстан көптеген салада қаржы индустриясын цифрлық дамытудың алдыңғы қатарында ілгерілеп келеді. Цифрлық сервистердің ықпалымен біз елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің айтарлықтай өсуін байқап отырмыз. Осылайша, 5 жыл ішінде халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдерінің көлемі 26 есе өсті, ал Интернет және мобильді сервистер арқылы төлемдердің үлесі 22%-тен 83%-ке дейін ұлғайып, рекордтық көрсеткішке жетті, дейді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

«Өзгерістер қарқынын тоқтатпау және мынадай негізгі бағыттарды дамыту арқылы қаржы саласын одан әрі цифрландыруды қолдау қажет», дейді бас банкир.

Қаржы нарығының бәріне бірдей қолжетімді цифрлық инфрақұрылымы – Ұлттық Банктің басымдығы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылатын Ұлттық төлем жүйесі және Цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасы оның маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.

Аталған реформалар қаржылық қызмет көрсету саласын барынша жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық инфрақұрылым нарықтың барлық қатысушылары үшін қолжетімді болады және жаңа буынның қаржылық сервистерін жылдам және арзан жасауға мүмкіндік туғызады.

Бүкіл әлем бойынша 63 орталық банк ұлттық цифрлық валюталарды енгізу мәселесін зерделеуде. Нарық қатысушыларымен бірге Ұлттық Банк «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыра бастады.

"Біз төлем сервистерінің қолжетімділігін арттыру және экономикадағы транзакциялардың құнын төмендету үшін жобаның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Цифрлық теңге платформасы түбегейлі жаңа сервистерді құру үшін де мүмкіндіктер аша алады. Бұл ретте ұлттық цифрлық валютаны шығарудан туындайтын барлық ықтимал тәуекелдер мен артықшылықтарды жан-жақты бағалау қажет. Биылғы жылғы желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша Whitepaper (баяндама) жарияланатын болады, онда технологиялық сараптаманың қорытындылары, нарық қатысушыларымен, сараптамалық қоғамдастықпен жасалған зерттеулер мен талқылаулардың нәтижелері жарияланады", деді Досаев.

Экономикалық жағдайлар жылдам өзгеретін шақта қаржы нарығының бизнес-деректерінің бірыңғай платформасын құру арқылы реттеушілер мен нарыққа қатысушылар арасындағы жоғары технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды. Кредиттік тіркелім қаржы нарығының басқа дереккөздерімен бірге бірыңғай деректер қоймасы - қаржылық data lake үшін негіз болады. Бұл қадағалау және реттеу мақсатында озық талдауды (AI, ML) қолдануға арналған жаңа мүмкіндіктерді ашады және нарыққа қатысушылар үшін реттеуші талаптардың сақталуын жеңілдетеді. RegTech және SupTech технологияларын енгізу дата-орталықтандырылған қадағалау мен реттеуге көшуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ нарық шығындарын қысқартады.

Сонымен қатар, біз қаржы нарығында платформалық бизнес-модельдерді құрудың және экожүйелерді қалыптастырудың тұрақты үрдісін көріп отырмыз. Экожүйелер индустриялар арасындағы шекараны жояды, тұтынушылар «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі сервистердің толық кешенін алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ оларды одан әрі дамыту реттеуге арналған сын-қатер болып табылады. Экожүйелер – қаржы нарықтарының болашағы, бірақ олар саланың жиынтық тиімділігі мүддесінде ашық қағидат бойынша құрылуы тиіс.

Тұтынушылардың дербес деректері қаржы нарығы үшін маңызды активке айналды. Деректерге кемсітусіз қол жеткізуді және бәсекелестік назарын оларды өңдеу тиімділігіне аударуды қамтамасыз ет кен жөн. Тұтынушы өз деректеріне қол жеткізуді толық бақылауға және олардың қауіпсіздігіне сенімді болуға тиіс. Кибершабуылдар мен алаяқтық тәуекелдерінің өсуін ескере отырып, киберқауіпсіздік және конфиденциалдылықты қорғау мәселелеріне ерекше назар аударған жөн.

Осы қағидаттарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк басқа реттеушілермен бірлесіп, деректермен, оның ішінде мемлекеттік дерекқордан алынатын деректермен алмасудың және сақтаудың құқықтық өрісін және тиісті инфрақұрылымын жасайтын болады. Open API стандарттарын және Open Banking инфрақұрылымын әзірлеу бойынша жұмыс жалғасады.

Цифрландыру реттеушілердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-әрекеттерін де жақсартады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) пилоттық режимде «Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын» іске қосты. Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекеттер достастығында (ТМД) мұндай онлайн төлем жүйесінің баламасы әлі жоқ.

Азаматтар мен нарыққа ыңғайлы болу мақсатында Бірыңғай байланыс орталығы арқылы омниарналы өзара іс-қимыл құрылады.

Ұлттық Банкте бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде активтерді басқару тиімділігін арттыру және қаржылық тәуекелдерді бақылау жөніндегі міндеттерді кешенді түрде шешу үшін активтер мен тәуекелдерді басқарудың бірыңғай ықпалдасып автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыс жасалуда.

Ұлттық Банкте активтердің әртүрлі сыныптарында инвестицияларды басқару бойынша тиімді шешімнің пайда болуы инвестициялық шешімдердің қабылдануын жеделдетуге және операциялық тәуекелдерді төмендетуге әсер етеді, нәтижесінде алтынвалюта резервтерін, Ұлттық қорды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы активтерін басқару кезінде тиімділікті арттыруға алып келеді.