2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты, деп хабарлайды БЖЗҚ.

01.08.2020 жылдан бастап 01.08.2021 жылға дейін зейнетақы жинақтарының сомасы 759 миллиардтан аса теңгеге немесе 6% өсті.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,5 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 335,7 млрд теңге, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,6 млрд теңгеге жетті.

2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны (техникалық шоттарды есепке алғанда) 11,6 млн бірлікті құрады. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды, олардың саны – 10,9 млн. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 529 мың, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 49,6 мың бірлікке тең.

2021 жылдың жеті айында ЖЗШ-ға түскен жарналар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 23% асып, шамамен 741 млрд теңгені құрады. Басым бөлігін – 708,7 млрд теңге немесе 95,7% - МЗЖ бойынша аударымдар құрайды.

Салымшылардың шоттарындағы таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 798,3 млрд теңгені құрады, осылайша шарттардың барлық түрлері бойынша түсетін жарналардың көлемінен асып түсті. Өткен жылдың осы кезеңінде ол 752,9 млрд. теңге болды.

Бұл ретте жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 6,48% көрсетті, сол кезеңдегі инфляция 5,3% болды. Егер ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігін жылдық мәнде, яғни соңғы 12 айда қарастыратын болсақ, онда ол инфляция 8,4% кезінде 10,56% құрады.

БЖЗҚ төлемдері жыл басынан бері 1,8 трлн теңгеден асты. Жалпы соманың шамамен 1,7 трлн теңгесі біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түрінде тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін төленді. Бұл ретте тұрғын үй жағдайын жақсартуға орташа төлем 4,4 млн теңгені, емделуге орташа төлем - 0,9 млн теңгені құрады.

Зейнет жасына толу бойынша төлемдер 54,7 млрд теңгеден асты. Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнеткерлік жасқа толуына байланысты) 28,6 мың теңгені құрады, жасына байланысты ай сайынғы ең жоғары төлем 673,6 мың теңге.

Сақтандыру ұйымдарына зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін 41 млрд теңгеден астам қаржы аударылды, мұрагерлерге және жерлеуге 37,3 млрд теңге төленді, тұрақты тұрғылықты жерге кетуге байланысты 21 млрд теңгеден астам сома, мүгедектіктің туындауына байланысты шамамен 1,3 млрд теңге төленді.