2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге берілген 1,9 млн жуық өтінішін орындады. Олар бойынша уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарға шамамен 3,7 трлн теңге аударылды.
Тұрғын үйге
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша биылғы жылғы қаңтардан бастап БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 1,4 млн астам өтінішін орындады. Қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,3 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн теңге.
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өтініштердің ең көп санын Алматы қаласының (уәкілетті операторларға аударылған жалпы соманың 23,12%), Маңғыстау облысының (16,28%), Астана қаласының (13,86%) тұрғындары жолдады.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды. Барлық өтініштердің шамамен 34,94% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), өтініштердің 21,18% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,77% - ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,19% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.
Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 488,86 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі, отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Емделуге
БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 391,79 млрд теңге болатын 457 513 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,86 млн теңге.
Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,5% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% азы пайдаланылды.
Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 35,13 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Жеке инвестициялық басқаруға
Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 18.02.2021 ж. бастап 12,7 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 9 240 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,4 млн теңге.
Атап кетейік, шамамен 12,7 млрд теңгенің 39,4% немесе 5 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 22,6% немесе 2,9 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 16,7% немесе 2,1 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 13,3% немесе 1,7 млрд теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға, 8% немесе 1 млрд теңгеден сәл асатын сома "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға аударылған.