Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен Air Astana АҚ-ның жай акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысатынын хабарлайды. Оның аясында 2024 жылғы 14  ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 1 акция үшін 1 073,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгегеAir Astana АҚ-ның жай акциялары сатып алынды. Air Astana АҚ-ның сатып алынған жай акцияларының жалпы саны 23 168 975 дананы немесе шығарылған компания акцияларының жалпы санының 6,5%-ын құрады.

Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды және ұзақмерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін Air Astana АҚ-ның жай акцияларына инвестициялау туралы шешім тұрақты қаржылық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қызметінің жоғары рентабельділігіне негізделді. Осы инвестициялар іс жүзінде БЖЗҚ салымшыларына Орталық Азияның авиациялық нарығындағы көшбасшылардың біріне акционер болуға мүмкіндік береді.

Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланады.