Қазақстан қор биржасындағы жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 4,09 теңгеге өсіп, 453,96 теңгеге жетті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары мұны Brent маркалы мұнай бағасының төмендеуімен және доллар индексінің нығаюымен байланыстырады.
Валюта саудасының көлемі 421,3 млн долларды құрады. Бұл алдыңғы сауда күніндегі көрсеткіштен 2,9 млн долларға аз.
Сарапшылардың пікірінше, валютаға деген қосымша сұранысқа тұтынушылық белсенділіктің маусымдық өсуі қарсаңында импорттық келісімшарттар бойынша корпоративтік төлемдердің артуы және сыртқы міндеттемелерге қызмет көрсету қажеттілігі әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуіне қатысты күтулер де теңге бағамына ықпал етуі ықтимал.
Сарапшылар базалық мөлшерлеменің төмендеуін күтеді
ҚҚҚ қазан айының басында жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 85%-ы Ұлттық банктің 23 қазандағы отырысында базалық мөлшерлемені төмендетеді деп күтеді.
Мұндай болжамға инфляция мен инфляциялық күтулердің баяулауы, сондай-ақ жоғары деңгейде сақталып отырған нақты пайыздық мөлшерлемелер әсер етіп отыр. ҚҚҚ дерегінше, нақты мөлшерлеме 6,95%-ды құрайды. Бұл ақша-кредит саясатын жұмсартуға белгілі бір мүмкіндік береді.
Қазақстанның халықаралық резервтері 4,3 млрд долларға азайды
Қыркүйек айында Қазақстан Ұлттық банкінің жалпы халықаралық резервтері 5,4% төмендеп, 66,4 млрд доллар болды.
Бұған алтын портфелінің 7,8% азайып, 51,4 млрд долларға дейін төмендеуі себеп болды. Ал еркін айырбасталатын валютадағы активтер, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктегі шоттары мен депозиттеріндегі қаражат 3,9% өсіп, 15 млрд долларға жетті.
Сонымен қатар Ұлттық қордың активтері 0,8% азайып, 66,7 млрд долларды құрады.
Осылайша, қазан айының басында Қазақстанның Ұлттық банк резервтері мен Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса есептегендегі халықаралық резервтері 133 млрд доллар болды. Бір айда бұл көрсеткіш 4,3 млрд долларға төмендеді.