Отбасы банкі исламдық несие мен депозит ашты

«Отбасы банк» АҚ қызмет түрлерінің тізімін кеңейтіп, ислам банкингі операцияларын жүргізу мүмкіндігін енгізді. Тиісті өзгерістер банктің жаңартылған жарғысында көрсетілген.

Банктің AIX биржасына жолдаған хабарламасына сәйкес, жарғыға енгізілген өзгерістерді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы 2026 жылғы 5 қазандағы №41/26 шешімімен бекіткен.

Өзгерістер банктің және оның филиалдарының қызмет түрлеріне қатысты. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесін реттейтін заңнамаға енгізілген түзетулерге байланысты жарғының 4.4-тармағының жекелеген ережелері өзгертілген.

Бұл өзгерістер 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес енгізілген.

Ислам банкингі аясында қандай операциялар жүргізіледі?

Жаңартылған жарғыда ислам банкингі саласындағы қызметтің төрт бағыты көрсетілген:

  • Банктік шоттарды ашу және жүргізу. Банк жеке және заңды тұлғаларға банктік шоттар ашып, оларға қызмет көрсете алады.

  • Пайызсыз салымдарды қабылдау. Жеке және заңды тұлғалардан талап етілгенге дейінгі исламдық банктік салымдар қабылданады.

  • Сыйақысыз қарыз беру. Банк жеке және заңды тұлғаларға мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен, сыйақысыз ақшалай қарыз бере алады. Бұл тармақ банкаралық қарыздарды қамтымайды.

  • Агенттік қызмет көрсету. Банк ислам банкингі операцияларын жүргізу кезінде агенттік қызметтер көрсете алады.

Аталған өзгерістер банктің өзіне де, оның филиалдарына да қолданылады.