Естеріңізде болса, өткен айда Президент Самұрық-Қазынаға қарасты компанияларға табысының бір бөлігін биржада сатып, доллардың орнына теңге сатып алуға міндеттеп еді.

Содан бері ұлттық компаниялар өздерінің экспорттық табыстарынан түскен қаражаттың бір бөлігін, нақтырақ айтқанда 312,3 млн АҚШ долларын биржада сатты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Бас банкирдің айтуынша, жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы 50 пайыздан артық компаниялардың барлығы, яғни квазимемлекеттік сектордың субъектілері табыстарының бір бөлігін төтенше жағдай уақытында биржада сатуға міндеттелген.

Ұлттық банктің қаулысы наурыз айында шыққан еді. Наурыздың соңына дейін ұлттық компаниялардың биржада сатқан валютасы 50 млн доллар болса, сәуір айында көрсеткіш 232 млн доллар болды. Ал мамыр айында әзірге 40 млн доллардай сатылды.

Досаевтың айтуынша, карантин кезінде көптеген компаниялар шектеулі жұмыс істеп, өз кезегінде валбтаға сұраныс көп болмаған. Бұл биржадағы сауда көлеміне де әсер еткен.

Наурыз айында биржадағы сауда 3,46 млрд доллар болса, қазір көрсеткіш бар болғаны 1,72 млрд доллар ғана.

Жалпы, карантин басталып, іскерлік белсенділік төмендегелі және Президенттің ұлттық компанияларды долларларының бір бөлігін сатуға міндеттеуінің нәтижесінде теңге аз да болса нығайғаны белгілі.

Айта кетейік, квазимемлекеттік сектор компанияларына валютаны биржада сату туралы шешім 25-наурыз күні қабылданған еді.

Тоқаев Самұрықтағы долларды сатуды бұйырды.