Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 10,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,25%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 9,25% болады.
"Шешім инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияның 2022 жылдың соңына қарай белгіленген 4-6% нысаналы дәлізге кіру қажеттілігі ескеріле отырып қабылданды", деп жазады Ұлттық банк.
Әлем экономикаларының көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінде инфляцияның жоғары деңгейде болуы жалғасуда. Соңғы айларда дезинфляциялық процестердің болуына қарамастан, ішкі конъюнктура сұраныс тарапынан, сол сияқты ұсыныс тарапынан да инфляцияға қарсы елеулі тәуекелдердің болуымен сипатталады.
Әлемдегі ең ірі экономикалардағы және негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция әлі де жоғары деңгейде. АҚШ-та инфляция 1982 жылдан бастап алғаш рет 7,0%-ға дейін көтерілді. 2021 жылғы желтоқсанда ЕО-да тұтынушылық инфляция 5,3%-ға дейін, Германияда – 1992 жылдан бастап алғаш рет 5,7%-ға дейін өсті. Қытайда бағаның өсуі 2021 жылғы қарашада 15 айлық ең жоғарғы көрсеткішке жетті (2,3%), содан кейін 2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға дейін төмендеді. Ресейде инфляция 2021 жылғы желтоқсанда бұрынғы жоғары – 8,4% деңгейінде қалды.
Әлемдік азық-түлік нарығында баға өсуінің аздап баяулауы байқалады. ФАО азық-түлік бағалары индексі 2021 жылғы желтоқсанда алдыңғы аймен салыстырғанда (қарашадағы өсу – 1,3%) сүт өнімдерін қоспағанда, азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағалардың төмендеуі нәтижесінде 0,9%-ға төмендеді. Бұл ретте жылдық көрсетуде индекстің өсуі 23,1% (қарашадағы жылдық өсу – 27,8%) болды. Ұлттық Банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылғы 1-жарты жылдықта азық-түлік нарықтарындағы белгісіздік және Солтүстік жарты шарда бидай түсімінің әлсіз болуы аясында әлемдік азық-түлік нарығының жекелеген сегменттерінде бағаның өсуі күтіледі, кейіннен COVID-19 жағдайы тұрақталып, жаңа ауылшаруашылық маусымының басталуына қарай өсу қарқыны біртіндеп бәсеңдейді.
Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеді. Инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыру жағдайында бағаның айлық өсу қарқыны 2021 жылғы қараша-желтоқсанда орташа деңгейден төмен болды.
Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы желтоқсанда елеулі түрде төмендеп, жылдық көрсетуде 9,9% болды. Бұл инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыруға және жекелеген азық-түлік тауарларына жоғары айлық мәндердің жылдық инфляция есебінен шығуына байланысты. Сүт өнімдерінің, жұмыртқа, май, қант пен көкөністердің жылдық дезинфляциясы байқалып отыр. Осыған қарамастан, жеміс-көкөніс өнімі құнының жылдық өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде болып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жылдық көрсетуде қызылша бағасы 73%-ға, қырыққабат – 37,5%-ға, сәбіз – 29,5%-ға, картоп – 20,2%-ға өсті. Ет, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар, сондай-ақ алкогольсіз сусындардың жылдық инфляциясының жылдамдауы байқалады.
Азық-түлік инфляциясының едәуір баяулауы азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктің 2021 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша 8,5%-ға дейін жеделдеуімен қатар жүреді. Азық-түлікке жатпайтын жылдық инфляцияның ағымдағы қазіргі мәні 2018 жылғы мамырдан бастап алғаш рет байқалып отыр. ЖЖМ (23,2%), автомобильдер (14,7%) және қатты отын (9,5%), оның ішінде көмір (9,8%) бағасының өсуі негізгі үлес қосуда. Бензин бағасының жылдық өсуі 19,6%-ға дейін, дизель отыны – 46,5%-ға жылдамдады.
Ақылы қызметтердің жылдық инфляциясы реттелетін коммуналдық қызметтер, шаштараздар, мейрамханалар мен қонақ үйлер қызметтері бағаларының барынша қалыпты өсуі аясында 2021 жылғы желтоқсанда 6,5%-ға дейін (2021 жылғы қазан – 6,9%, 2020 жылғы желтоқсан – 4,2%) баяулады. Реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі орталықтан жылу беру және ыстық су тарифтерінің төмендеуі нәтижесінде 4,1%-ға дейін баяулады. Бұл ретте, өсу қарқыны 2020 жылғы желтоқсан деңгейінен әлі де асып отыр. Тұрғын үйді жалдау құнының белсенді өсуі жалғасуда (2021 жылғы желтоқсанда 19,8%). Сонымен қатар сұраныстың артуына байланысты 2021 жылғы желтоқсанда көлік қызметтерінің жекелеген түрлерінің бағасы күрт өсті.
Базалық инфляцияның траекториясы инфляциялық процестер баяулауының тұрақсыздығын көрсетеді. 2021 жылғы тамыз-қарашада баяулаудан кейін базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары нысаналы дәлізден жоғары қалыптасып, 2021 жылғы желтоқсанда жылдамдауды тағы да көрсетті. Бұл реттелмейтін тауарлар мен қызметтер бағасының жоғары өсуіне байланысты.
Инфляциялық күтулер біршама төмендеуге қарамастан жоғары деңгейде қалып отыр. 2021 жылғы желтоқсанда бір жыл бұрынға инфляцияны сандық бағалау 10,3% болды. Респонденттердің басым көпшілігі (66%) бұрынғыша қазіргі баға өсуінің келесі 12 айда сақталуын не жеделдеуін күтеді. Олардың ішінде бағалардың одан әрі өсуін күтетіндердің үлесі 2021 жылғы қарашадағы 35%-дық ең жоғары деңгейден желтоқсандағы 31%-ға дейін төмендеді.
Тұтынушылық сұраныс оң үрдісті сақтап қалды, бұны бөлшек сауда айналымы мен тұтынушылық импорт серпіні көрсетіп отыр. Бөлшек сауда айналымы 2021 жылғы қаңтар-қараша аралығында оң серпінді сақтап, 2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 6,5% болды. 2021 жылы азық-түлікке жатпайтын тауарлар бөлшек сауда айналымына елеулі оң үлес қосып, қосымша жылдың ортасынан бастап азық-түлік өнімдері тауар айналымының қалпына келуі байқалды. Кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру және тауар айналымының серпінді өсуі 2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 21,8%-ға өскен тұтынушылық импорттың екі таңбалы өсу қарқынымен қатар жүрді.
Кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру және халықтың нақты кірісінің артуы 2021 жылы үй шаруашылықтарын тұтынуға қолдау көрсетті. 2021 жылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша нақты кірістердің өсуі 3,1% болды. Сұраныстың одан кейінгі серпініне елдегі төтенше жағдай режимі, сондай-ақ байқалып отырған «Омикрон» штаммын жұқтыру жағдайларының өсуі біршама түзету енгізді.
Экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде ақшалай ұсыныстың едәуір ұлғаюы экономикадағы инфляцияға қарсы қысымға алып келеді және валюта нарығының тұрақтылығына теріс әсер етеді. Осы бағдарламаларды іске асыру экономиканың пандемияға дейінгі деңгейге дейін қалпына келуін жылдамдатты, бірақ сонымен бірге 2020 жылдың басынан бастап ақша базасының 11,0 трлн теңгеге дейін 1,6 есе кеңеюіне алып келді, сол кезеңде ақша массасы 30,1 трлн теңгеге дейін 41,2%-ға ұлғайды. Осы фактордың инфляцияға әсерін төмендету үшін Ұлттық Банк экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан шығуды бастап, 2021 жылы олардың 5 қаржыландыруды аяқтады (Кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы, Жұмыспен қамтудың жол картасы, Нұрлы Жер, Жеңілдікпен автокредиттеу бағдарламасы және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы). 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыруды аяқтау жоспарланып отыр.
Әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал вирустың таралуына қарамастан қалыпты позитивті ретінде бағалануда. Көмірсутектер нарығындағы сұраныс бойынша оң күтулер, әлемдік мұнай қорларының төмендеуі және ОПЕК + елдерінің өндірісті ақырындап арттыруы аясында 2021 жылғы желтоқсанда Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 77,8 АҚШ долларына дейін 10,2%-ға өсті.
2022 жылғы 4 қаңтарда ОПЕК+ өндіруді 2022 жылғы ақпанда тәулігіне жоспарлы 400 мың баррельге ұлғайтуды жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі арттыру қарқыны сақталған кезде 2020 жылы қабылданған шектеулер 2022 жылғы қыркүйектің соңына қарай толығымен алынуы мүмкін. ОПЕК+ «Омикрон» штаммының таралуы бұрын болжанғанға қарағанда әлемдік сұранысқа аздап әсер етеді деп күтеді. Биылғы жылғы қаңтарда БАӘ мұнай инфрақұрылымына Йеменнен келген көтерілісшілердің шабуылы нәтижесінде сұраныстың күшеюі мен жеткізілімдердің іркілістері аясында Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 89 АҚШ доллары белгісінен асты. Алайда, АҚШ-та мұнай қорының аздап өсуінен кейін соңғы күндері мұнай бағасы бір баррель үшін 87 АҚШ долларына дейін түзелді. EIA жаңартылған бағалауы бойынша 2022 жылға мұнай бағасы бір баррель үшін 70,1 АҚШ долларынан 75 АҚШ долларына дейін көтерілді. Мұнайдың орташа айлық бағасы жыл ішінде бір баррель үшін 78-79 АҚШ долларынан жылдың соңына қарай 70 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендейтін болады деп күтілуде.
«Омикрон» штаммын жұқтырудың жоғары қарқынына және әлемде жаңа жағдайлардың тәулігіне рекордтық өсуіне (биылғы жылғы 20 қаңтардағы ДДҰ деректері бойынша тәулігіне 3,77 млн адам) қарамастан, жаңа штамм ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің мейлінше төмен деңгейімен сипатталады, бұл нарықтағы алаңдаушылықты төмендетіп, энергия тасымалдағыштар бағасының қалпына келуіне алып келді.
Инфляциялық процестердің өсуі аясында дамыған экономикалар өз саясатын күшейтуді жалғастыруда. 2021 жылы әлемнің орталық банктерінің барлық шешімдерінің 78%-ы ақша-кредит талаптарын күшейтуге бағытталған болатын. Тұтыну бағасының өсуін тұрақтандыру үшін ФРЖ басшысы АҚШ Сенатындағы тыңдауларда олардың 2022 жылғы наурызда активтерді сатып алуды тоқтататыны туралы мәлімдеді. Осының аясында нарық қатысушылары биылғы жылғы наурыздан бастап 2022 жыл ішінде мөлшерлеменің 3-4 рет көтерілуін күтеді. Жоғары инфляцияға байланысты ЕОБ да жақын арада кейбір активтерді сатып алуды тоқтатады.
Соның салдарынан, жаһандық монетарлық талаптарды күшейту бойынша күтулер бейрезиденттердің ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарынан 2021 жылғы қазандағы ең жоғары 863 млрд теңгеден 2021 жылғы желтоқсандағы 596 млрд теңгеге дейін кетуіне алып келеді. Бұл ретте биылғы жылғы алғашқы 2 аптадағы деректер ҚРҰБ ноттарындағы бейрезиденттердің үлесі биылғы жылғы 6 қаңтардағы 10,5%-дан биылғы жылғы 14 қаңтардағы 7,4%-ға дейін төмендегенін көрсетеді.
Дүниежүзілік Банктің бағалауы бойынша тұтыну бағаларының жаһандық инфляциясы 2022 жылдың бірінші жартысында ең жоғары деңгейге жетіп, одан кейін 2023 жыл ішінде біртіндеп төмендейді. Әлемде инфляцияның төмендеуіне жаһандық өсудің баяулауы және шикізат тауарларын жеткізудің кеңеюі ықпал ететін болады.
Әлемдік экономикадағы ахуалдың дамуын және Қазақстандағы қазіргі ішкі факторларды ескере отырып, жаңартылған болжамға сәйкес Ұлттық Банк 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның 6-6,5% деңгейіне дейін одан әрі баяулауын күтуде. Бұл ретте, биылғы жылғы қаңтардың басында Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларға және 2021 жылдың 1-жартысындағы салыстырмалы түрде төмен базаға байланысты инфляциялық процестердің өсуі ықтимал, оның негізгі қысымы биылғы жылғы 1-тоқсанға келеді. Биылғы жылғы 2-жарты жылдықта ӘМАТ, ЖЖМ және коммуналдық қызметтер бағасын уақытша реттеу шараларының қолданылу мерзімі (180 күн) өткеннен кейін инфляцияның жылдамдау тәуекелі ұлғаяуы мүмкін.
Тәуекелдердің қазіргі теңгерімі, азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктің жеделдеуіне байланысты 2021 жылдың соңында инфляция баяулауының тұрақсыздығы, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы негізінде Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын күшейтуді жалғастыруда. Үкімет әзірлеп жатқан Инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асырумен бірге Ұлттық Банктің дезинфляциялық ақша-кредит саясаты 2022 жылға белгіленген 4-6% мақсатқа сәйкес инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді.