2020 жылы қазақстандықтарды пандемиядан құтқару үшін қолға алынған карантин шаралары ел экономикасына ауыр соққы болды. 2020 жылдың наурызынан 2021 жылдың наурызына дейін іскерлік белсенділік индексі теріс болды.
Осы уақытта экономиканы қолдау үшін дағдарысқа қарсы 6,3 трлн теңге бөлінді.
Соның ішінде Ұлттық банк 2,3 трлн теңге бөлді. Осы қаражатқа жалпы құны 977,2 млрд теңге болатын 3 362 жеңілдетілген несие берілді.
Қолдаудың арқасында 1,5 мың кәсіпорын іскерлік белсенділіктерін сақтап, 95 мың адамды жұмыспен қамтыды. Бөлінген қаражатқа 11,5 мың жоба жалпы құны 1,1 трлн теңге алды.
Сонымен қатар Ұлттық банк Жұмыспен қамтудың жол картасына қатысып, 1,1 трлн теңгенің 800 млрд теңгесін берді.
Нәтижесінде 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба жүріп, 238,9 мыңнан астам уақытша және 6,6 мың тұрақты жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік берді.
Алайда қазір Ұлттық банк біртіндеп экономиканы қаржыландыруды тоқтата бастады. Енді Ұлттық банк экономиканы қаржылай емес, нарықтық жолмен қолдауы тиіс. Ең алдымен ақша-несие саясатын дұрыс жүргізу керек.