Ұлттық банк 2021 жылдың бірінші жарты жылдығындағы Қазақстан Республикасының төлем балансы туралы хабарлады.
Қазақстан Ұлттық Банкі 2021 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есептік төлем балансын қалыптастырды. Ағымдағы шоттың тапшылығы 2021 жылғы тамызда жарияланған алдын ала бағалаумен салыстырғанда 757 млн АҚШ долларына ұлғайып, 2,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Алдын ала бағалау мен қорытынды деректер арасындағы айырмашылық, ең алдымен, 2021 жылдың екінші тоқсанындағы төлем балансы бойынша кәсіпорындардың түпкілікті есептерін алуға байланысты.
Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі алдын ала бағалаумен салыстырғанда 893 млн АҚШ долларына өскен кірістер балансында ең үлкен өзгеріс болды. Алдын ала бағалауды жариялау кезінде қалыптасқан көрсеткіштер 2021 жылдың екінші тоқсанында шетелдік инвесторлар кірісінің өсуін бағаламады.
Шетелдік инвесторлар кірісінің өсуі негізгі құрауыштар – дивидендтер бойынша және қайта инвестицияланған пайда бойынша байқалады. Мұндай кірістердің басым бөлігі мұнай-газ, өзге де тау-кен өндіру, қаржы секторларына тиесілі.
Сауда балансы бойынша алдын ала бағалауға қатысты өзгерістер шамалы және уәкілетті органдардың сауда мен респонденттердің есебін жаңартуға байланысты. Тауарлар экспорты (-)8,7 млн АҚШ долларын құрады, ал импорт 49,4 млн АҚШ долларына ұлғайды.