Сатып алуларды сапасыз жоспарлау салдарынан 279,5 млн теңгеге мерзімі өткен дәрі-дәрмек есептен шығарылған.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша отырыс өткізді.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталды.
Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді.
Осылайша, қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары ескерілмей және жергілікті етудеңгейіне қарамастан көрсетіледі. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген.
Жалпы, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18%-ды құраған.
Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеуөндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес», — деді Әлихан Смайылов.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
«Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алу бөлігінде баға белгілеуде де сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз деп ойлаймын», — деді Ақмарал Әлназарова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация»ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.
Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге;
- тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге;
- активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге;
- бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге.