Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген әлеуметтік қамсыздандырудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
ЕХӘҚМ басшысы сөз басында Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құру үшін негіз болатынын, оның басты мақсаты әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру екенін атап өтті. Оны іске асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделген.
Әлеуметтік Кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды, бірақ еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады.
Тамара Дүйсенова құжаттың 5 негізгі жаңалығына баса назар аударды.
«Бірінші жаңалығы – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК). Оны енгізудің басты мақсаты қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан Кодексте біз ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ, ОЦК адамдарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігі туралы хабардар ететін электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалатын болады», – деді министр.
Екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту (500 мыңнан астам ананы қамту); Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу (6 млн-нан астам баланы қамту); 6-дан көп баланы дүниеге алып келген аналарға наградталған ана деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту (250 мыңнан астам ананы қамту).
«Тағы бір маңызды өзгеріс – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады», – деп қосты Тамара Дүйсенова.
Үшінші жаңалығы – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялау , оның басты мақсаты мүгедектігі бар адамдар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру болып табылады.
«Жан басына шаққандағы норматив енгізу көзделіп отыр. Қызметтер үшін жеке нормативтер, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір қызмет түрлерін немесе тауарларды одан әрі монетизациялауға әкеледі, екінші жағынан, арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға жеке секторды кеңінен тарту саланың инфрақұрылымын ауылдық жерлерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Тағы бір өзгеріс – мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекшілер немесе әлеуметтік қызметкерлер ретінде ресімделетін болады.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделген. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз бағалау арқылы біліктілігін дәлелдеген және сертификаты бар мамандар ғана жіберіледі», – деді министр.
Төртінші жаңалығы – жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру.
Тамара Дүйсенова өз сөзінде Қазақстанда қолданыстағы 5 әлеуметтік тәуекел бойынша сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттар мен нақты экономикалық жағдайларға сәйкес келетіндігін атап өтті.
«Жүйенің негізі сақталады, бірақ оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға ғана емес, ең алдымен формалды жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру үшін заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады», – деді министр.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін шағын бизнестің жалдамалы қызметкерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді, онлайн-платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы салық режимін енгізу, өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделген.
«Тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшерін кезең-кезеңімен арттырумен қатар жүретін болады. Келесі жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға жарналарды төлеу кезеңіне сәйкес МӘСҚ-тен 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде төлемдер көзделген», – деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.
Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айта келе, Тамара Дүйсенова аға және бүгінгі буын зейнеткерлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы көбейтілетінін хабарлады. Сондай-ақ, еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70%-на дейін артады. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер тарапынын қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.
Бұдан басқа, салымшылардың өз активтерін басқару жөніндегі құқықтарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізілуде. Осылайша, белгіленген жеткіліктілік шегі салымшылар зейнетақы жинақтарын емдеуге және тұрғын үй сатып алуға ғана пайдаланылатын болады.
Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, Мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.
Бесінші жаңалығы – халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, олар 3 бағыт бойынша іске асырылатын болады.
Біріншісі – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмыспен қамтуды тануды білдіреді.
Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер» – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын.
«Мұндай қызметкерлердің қызметі оларды онлайн-платформалар офертасына қосқан немесе жария шарт жасасқан жағдайда ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Олар үшін міндетті салық төлемдері мен әлеуметтік аударымдарды төлеуді енгізілетін арнайы салық режиміне сәйкес қамтамасыз ететін онлайн-платформа операторларын салық агенттері айқындау ұсынылады. Бұл жағдайда жұмыспен қамтылғандардың осы санаты, жалдамалы қызметкерлер сияқты, республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алатын болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда оларға заңнамада белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі», – деп хабарлады министр.
Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру.
Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Сертификаттар тәжірибеде қажет білім, еңбек дағдылары мен біліктілігін бағалағаннан кейін беріледі. Бұл ретте оларды формалды, сондай-ақ формалды емес және информалды білім иелері де ала алады.
Үшінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын қалыптастыру.
«Бүгінгі таңда жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру процесі толығымен цифрландырылып, Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асырылуда.
Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстің жобасында жұмыспен қамту орталықтарын облыстардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін мобильді орталықтарға айналдыру көзделеді», – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Сөз соңында ЕХӘҚМ басшысы жаңа көші-қон саясатын қалыптастыруға және еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған заңнамаға бірқатар түзетулер дайындалғанын атап өтті.
«Олардың мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарын жетілдіру», – деп түйіндеді министр.