Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осылай деді.
«Пандемияның өршу кезеңінде біз карантинді күшейту шараларынан дезинфляциялық ықпалды арттырған ішкі сұраныстың төмендеуі жағдайында экономикалық белсенділікті сақтау үшін ынталандырушы ақша-кредит саясатын жүргіздік. Экономиканың өсуіндегі оң бағытқа шыққаннан кейін біз проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында ақша-кредит саясатының (policy stance) бағытын өзгертеміз», деді Досаев.
Оның а йтуныша, бүгінгі таңда байқалып отырған инфляцияның өсуі сыртқы факторларға да, ішкі факторларға да тең дәрежеде байланысты.
Бір жағынан, жаһандық нарықтардағы сұраныс пен ұсыныс алшақтығының (supply-demand mismatch) күшеюі жеткізудегі үзілістерге, тасымалдау құнының, шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне алып келеді.
Әлемде азық-түлік бағасының өсуі соңғы 10 жылда ең жоғары болды, металдар бір жылда 1,5 есе қымбаттады. Шикізатқа сұранысты көрсететін құрғақ жүктерді тасымалдау құны тапсырыстардың өсуі аясында контейнерлердің жетіспеуіне байланысты 2019 жылдың аяғынан бастап 3,2 есе және 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда 7 есе өсті.
Нәтижесінде ең жоғары көрсеткіштер жаңарғанда сыртқы инфляциялық орта нашарлайды.
АҚШ-та инфляция 30 жылдық ең жоғары көрсеткіштерге жетіп (1990 жылдан бастап), 6,2% болды, ол Еуроодақта да рекордтық белгі4,1%-ке жетті.
Мұндай жағдайларда орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейтуге көше бастайды. Биылғы жылғы қыркүйектің басынан бастап 24 елдің орталық банкі негізгі ставкаларды көтерді. Еліміздің негізгі сауда әріптесі – Ресейде бес жылдық ең жоғары 8,1%-тік инфляция аясында биылғы жылдың басынан бастап ставка 7,5%-ке дейін 3,25 пайыздық тармаққа жинақталып көтерілді.
Жоғары инфляциялық қысым жағдайында Федералдық резервтер жүйесі мен Еуропа Орталық Банкі ынталандыру шараларын қысқарта бастады. Қыркүйекте Еуропа Орталық Банкі облигацияларды сатып алу көлемін қысқарту ниеті туралы жариялады. АҚШ Федералдық резервтер жүйесі 3 қарашада осы жылғы желтоқсаннан бастап ай сайын 15 млрд АҚШ долларына сандық жеңілдету бағдарламасының қысқартыла бастағаны туралы жариялады.
Жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-тен 11,3%-ке дейін баяулауы аясында соңғы 6 айда алғаш рет өсуді тоқтатты. Үкімет отырысында айтылғандай, қазанда жылдық инфляция қарқындаған өңірлер саны 13-тен 7-ге дейін (17-ден) төмендеді. Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасында әлі де орнықты жоғары инфляциялық орта сақталуда.
Жаз айларында инфляцияның айтарлықтай өсуін ескерсек, биылғы жылғы шілдеден бастап Ұлттық Банк базалық ставканы жиынтығында 9,0%-тен 9,75%-ке дейін 75 базистік тармаққа үш рет көтере отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізе бастады.
«Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде тауар нарықтарындағы теңгерімсіздіктерді жою мақсатында жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау 2022 жылдың екінші жартысында инфляцияны 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуі және әлемдегі жеткізу қатарының қалпына келуі аясында инфляция баяулайды деп күтеміз», деді Досаев.
Экономикадағы бағаларды орнықты түрде тұрақтандыру үшін контрциклдық бюджет қағидаларын 2021 жылдың соңына дейін заңнамалық енгізу және оны 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қолдануды 2022 жылдан бастау арқылы ақша-кредит және салық-бюджет саясаттарының үйлесімділігін арттыру жөніндегі бастаманы іске асыру маңызды болып табылады.
Жаңа қағидалар мемлекеттік шығыстардың және Ұлттық қордан кепілді трансферттің өсу қарқынын қысқартудың консервативті бағасы кезінде мұнай секторы түсімдерінің мөлшерінен аспайтын деңгейде шектейді, бұл іскерлік циклды шикізат циклінен оқшаулайды және экономикадағы проинфляциялық қысымды төмендетеді.