Ел бойынша әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі бір аптада 0,1% төмендеді. Бұл ретте «айналым схемалары» бойынша өткен жылдан ӘМАТ сатып алудың орнына азық-түлік қорын қалыптастыра бастаған өңірлік тұрақтандыру қорлары маңызды рөл атқарды.
Ақтөбе облысынан оралған вице-премьер Серік Жұманғарин 13 сәуірде өңірлердегі, әсіресе су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы мен қолжетімділік жағдайы бойынша кеңес өткізді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен аптада ӘМАТ бағасының орташа индексі 0,1% төмендеді. Баға төмендеуінің жалпы статистикасына 8 өңір үлес қосты, оның бесеуі қарғын судан қатты зардап шеккендер қатарында: Ақтөбе (-0,5%), Ақмола (-0,4%), Солтүстік Қазақстан (-0,3%), Батыс Қазақстан (-0,1%), Жамбыл (-0,3%), Павлодар (-0,1%) облыстары, Алматы (-0,3%), Шымкент (-0,7%) қалалары бар.
Жекелеген тауарлар бойынша қант бағасының шамалы өсуі байқалады. Бұл Ресей Федерациясында қант қызылшасын өңдеудің аяқталуына және өндірушілердің сату бағасының өсуіне байланысты. Қазір Сауда министрлігі аталған өнім бағасын тұрақтандыру тетіктерін пысықтауда.
Алматы және Ақтөбе облыстарында 1-ші сұрыпты ұн бағасын ұстап тұру үшін «Азық-түлік корпорациясы» резервінен арзандатылған бидай жеткізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Сонымен қатар биылғы 3 сәуірде 9 өңір – Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстары, Астана және Алматы қалалары Шымкенттегі «Qaztrade» АҚ көмегімен алғашқы 4000 тонна ерте өнім беретін пияз бен картопқа келісімшарт жасады.
«Су тасқынынан зардап шеккен 10 өңірде сауда инфрақұрылымы жағдайы мен ӘМАТ бағасы күн сайын бақылауда. Сауда және тамақтану қызметтері жұмыс істейді, азаматтардың өтініштері үшін жедел желілер құрылды, бизнес пен халықтың шағымдарын қарау бойынша қоғамдық бақылау пункттері ашылды. Бизнес субъектілері жалпы көлемі 635 мың тонна азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды. Тұрақтандыру қорларының резервінен 767 тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік өнімдері сатылды. Зардап шеккен 10 өңірде ӘМАТ бағасын көтеру фактісі бойынша 140-тан астам әкімшілік іс қозғалды, 122 ескерту берілді, 17 айыппұл салынды», — деп баяндады Айжан Бижанова.
Петропавлды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауда. 13 сәуірде сағат 18.30-дағы жағдай бойынша қалаға бір күнде 335 тонна су әкелінді, әр 2-3 сағат сайын қалаға бөтелкедегі суы бар вагондар мен автомобильдер келіп жатыр. Қаланың үй жанындағы дүкендері мен сауда желілері бойынша тасымалдау жүргізілуде. Бөтелкедегі ауыз суды жеткізу жұмыстары үздіксіз жүргізілетін болады.
Маңғыстауда азық-түлік тауарларының негізгі жеткізілімі жүргізіліп жатқан Атыраумен жол қатынасы үзілуіне байланысты жеткізу жұмыстары теміржол көлігіне қайта бағдарланған.
БҚО-да зардап шеккен барлық аудандарда ӘМАТ-тың жеткілікті қоры қалыптастырылды. Жол қатынасы сақталды, 9 елді мекенде жеткізу қайық арқылы жүзеге асырылады. Атырау облысында да қажетті азық-түлік қоры бар, әлеуметтік нан өндірісі үшін 1-ші сұрыпты ұн жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды. Қостанай облысында азық-түлікке қатысты жағдай тұрақты, су басқан өңірлерге азық-түлік тікұшақтармен жеткізіледі.
Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков әкімдіктердің мәліметінше, АӨК-те жалпы көлемі 186,8 тонна болатын ӘМАТ-тың негізгі түрлері: ұн – 22,3 мың тонна, күріш – 14,6 мың тонна, көкөніс – 93 мың тонна, қант – 46 мың тонна, күнбағыс майының – 10 мың тонна қоры бар екенін атап өтті
«Әкімдіктер жеткізушілермен бұрын жасалған келісімшарттарға сәйкес әлеуметтік азық-түлік өнімдерін жоспарлы түрде өткізеді. Көкөністерді тұрақтандыру қорларынан броннан шығару жұмыстары жалғасуда. Өңірлерде көкөністерді сатудың жалпы көлемі қалыптасқан қорлар көлемінің 42%-ын құрайды. АШМ әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жеткізілімдерде үзіліс жоқ, көкөніс қоймалары мен АӨК немесе олардың серіктестерінің қоймаларын су баспаған», — деп хабарлады ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Өңірлерге импорттық ерте өнім беретін көкөністер жеткізуге шарттар жасау бойынша жұмыстарды алдын ала бастау және алдағы айларға қажеттіліктерді ескере отырып қолда бар қорларды бағалау жүргізу тапсырылды. Қолда бар ӘМАТ қорларын неғұрлым мұқият есепке алу үшiн келесi аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі жергiлiктi жерлерде Сауда және интеграция министрлігімен бiрге жұмыс тобын құрады.
«Төтенше жағдайда қалыптасқан күрделі кезеңде 10 өңірде бұрын қорлары маусымаралық ауытқуларды тежеуде рөлі зор тұрақтандыру қорларының бағаны тұрақтандырып, азық-түлік жеткізуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарғанын көріп отырмыз. Келесі аптадан бастап біз жедел жұмыс режиміне көшеміз, жағдай тұрақталғанға дейін аптасына екі рет тамақ өнімдерін бақылау жөніндегі кеңестер өткіземіз. Болжам бойынша, БҚО-да су көлемі артқан. Әкімдікке Сауда комитетімен бірлесіп, қоймалардың жағдайын жедел тексеруді тапсырамын. Егер су басу қаупі болса, азық-түлікті қауіпсіз жерлерге апару қажет. Азық-түлік корпорациясына арзандатылған астықты Атырауға тез арада жеткізуді ұйымдастыруды тапсырамын», — деп жиынды қорытындылады Серік Жұманғарин.