Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуінде республиканың солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру қалай жүргізілетіні туралы айтты. Оның айтуынша, ресейлік «Газпром» бұл жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуді шілде айында аяқтауды жоспарлап отыр.
«Министрлік «Сарыарқа» газ құбырын Ресей Федерациясынан келетін газ құбырымен ілмектеу нұсқасын зерделеуде. Бүгінгі таңда «Газпром» ағымдағы жылдың шілде айында аяқталатын техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Осыған байланысты газ құбырының бағыты мен газ бағасын алғаннан кейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқасы анықталады», - деді ол.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, газдандыру жобасының құны 1,9-2 триллион теңгені, жобалық қуаты 40 миллиард текше метрді құрайды.
Биылғы наурыз айында Қазақстан үкіметі мен «Газпром» 2023-2024 жылдарға арналған газ саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Келісімдер аясында Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газдандыру мәселесі де пысықталуда. Республиканың Энергетика министрлігінің мәліметінше, ресейлік газды Қазақстанға жеткізу екі жаққа да тиімді шарттармен және екі ел арасындағы қалыптасқан достық қарым-қатынасты ескере отырып жүзеге асырылады.