2020 және 2021 жылдары атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алған 99 220 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шықты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов хабарлады.
Өз сөзінің басында спикер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап Қазақстанда АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгенін еске салды:
- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау (отбасының әрбір мүшесіне айына орта есеппен 10 270 теңге);
– тұрмысы төмен отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама (әлеуметтік топтама) ұсыну (бір балаға айына орта есеппен 8 мың теңгеге дейін).
Бұл ретте АӘК алатын отбасыларға өмірлік қиын жағдайдан шығу бойынша жәрдем шаралары көрсетіледі.
«Атаулы әлеуметтік көмек – бұл мемлекеттен уақытша қолдау. Оның бастапқы мақсаты – жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру, кәсіпкерлік бастаманы қолдау, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы табысы аз отбасыларды кедейлік жағдайынан шығаруға қол жеткізу», – деді Асқар Ниязов.
Оның айтуынша, өткен жылы АӘК-ті жалпы сомасы 65,6 млрд теңгеге 198,4 мың отбасы (990,5 мың адам), биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 18,8 млрд теңгеге 111,4 мың отбасы (571,1 мың адам) алды.
Өңірлік бөліністе 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көп саны Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) байқалады.
АӘК алушылар саны ең аз өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы-2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%).
АӘК алушылар құрылымында басым көпшілігі балалар үлесіне тиесілі – 63,1% немесе 623,9 мың адам. 18,3% немесе 181,6 мың адам – жұмыс істейтін азаматтар; 10,2% немесе 101,4 мың адам – балаларды, қарт адамдарды, мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар; қалған 8,4% - ы азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.
«Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 571,1 мың адамның 63,6%-ы немесе 363,1 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл ретте жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес АӘК алушы отбасылардың 99%-да кемінде бір баласы болады. Көмек алушы отбасылар арасында көпбалалы отбасылар саны 40,4% (44 966 көпбалалы отбасы). Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,5% - ға жоғары (37,9%)», – деп атап өтті Асқар Ниязов.
ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры табысы аз отбасылардың әл-ауқатын арттыру тұрақты негізде барлық еңбекке қабілетті АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен шартты атаулы көмек алатын 160,6 мың отбасының 273,4 мың еңбекке қабілетті тұлғаларының ішінен 206,5 мың адам қамтылды.
Осы жылы елімізде 199,8 мыңнан астам адамға жұмыспен қамту шаралары бойынша көмек көрсету көзделген. Оның ішінде: Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру; өз ісін ашқысы келетін азаматтар үшін 20,3 мыңнан астам грант; жастар практикасына 22 мың жолдама көзделген; оқу орындарын бітірген азаматтар үшін 3 мың алғашқы жұмыс орны көзделген; 36 мың адам біліктілікті арттыру курстарынан өте алады; 16,6 мың уақытша жұмыс жұмыс орындарын ашу; қоғамдық жұмыстарда 52,1 мың уақытша орын; 8,1 мың адам үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшуге субсидиялар беріледі.
«2020 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алған 184,7 мың отбасының ішінен өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті табысты пайдаланған 47,4 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты. 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51,4 мыңы кедейлік жағдайынан шықты», – деп атап өтті Асқар Ниязов.
Ол сондай-ақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардан шыққан 259,4 мың бала тұрмыстық химия және азық-түлік жиынтығы түрінде әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілгенін, осы жылдың 4 айында – 144,6 бала қамтамасыз етілгенін айтты.
Сөз соңында Асқар Ниязов ҚР ЕХӘҚМ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және үздік нәтижелерге қол жеткізу мақсатында АӘК көрсету тетігін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«2021 жылдың қазан айынан бастап Ақмола облысының Ақкөл ауданы мен Нұр-Сұлтан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру басталды. Осы жылдың ақпан айынан бастап пилоттық жобаның географиясы елдің 2 өңірінен 8 өңіріне дейін кеңейтілді. Келесі кезеңде, мамырдан желтоқсанға дейін жобаны іске асыруға республиканың барлық өңірлерін қосу жоспарлануда», – деп түйіндеді ол.