Жамбыл облысында тұтас бір ауыл 20 жылдан бері ауызсуға жарымай отыр. Мойынқұм ауданына қарайтын Шығанақ аулының тұрғындары тіршілік нәрін Балқаш көлінен алуға мәжбүр. Бұл туралы Атамекен бизнеса арнасында айтылды.
Ауыл тұрығындары қыс түссе мұзды ойып күн көреді екен. Айдынның етегінде отырған ағайын 20 жыл бұрын Шығанақ жайқалған жасыл желек болатын деп еске алады. Қазір тал екпек түгілі ішерге су таппай отыр мұндағы жұрт. Барлық мәселе, 2000 жылдардың басында басталыпты. Барит тасын өндіретін зауыт қожайыны су сорғыны сатып алып, халықты тіршілік нәрінсіз қалдырды дейді, мұндағылар.
«Біз қазір сусыз отырмыз. Тиіп тұрған көрші Үлкен ауылында су көпқабатты үйлерге дейін көтеріледі. Біз сол жақтан суды алып алуға мәжбүрміз. Бізде де көп қабатты үйлер бар. Егде жастағы адамдар бар. Қазіргі жағдайымыз қандай екенін түсініп тұрған шығарсыздар», дейді Шығанақ ауылының тұрғын Раушан Рахимова.
Жергілікті билік мәселені шешуге тырысып көрген. Поезд арқылы Шудан су алдырады екен. Оның өзі ешкімге жетпейді. Таласып-тармасып аламыз дейді, тұрғындар. Қазір ешқандай сүзгісіз Балқаш көлінен су ауылға келіп жатыр. Бірақ, оның қызығын бұлақ басындағы саусақпен санарлық үй көріп отыр.
«Қазір сусыз отырмыз. Қазір осы көшеде су аққанның өзінде сол суды тексерсе, ол ішуге де жарамайды. Су сорғыда сүзгіш жоқ. Трансформатор жанып, кетеді, мотор жанып кетеді. Қысы, жазы су жоқ», дейді Шығанақ аулының тұрғыны Альбина Шегебаева
Жергілікті әкімдік болса, мәселені шешіп жатырмыз деп сендірді. Жаңа сорғының орнату үшін бюджеттен 310 миллион теңге бөлініпті. Құбырдың қашан салынатыны белгісіз. Тендер әлі ойнатылмаған.
"Бюджеттен 310 миллион теңге бөлінді. Тендер қашан ойнатылады. Бірден жұмысқа кірісеміз. Халық емес оған өзімізде күш саламыз. Біздің проблема су. Суды жеткізуіміз керек", дейді Шығанақ ауылдық округінің әкімі Таңатар Боранбайұлы
Әкім жұмыс нақты қай уақытта басталатынын ашып айта алмады. Демек, тұрғындар биыл қыста тағы мұзды ерітіп күн көреді деген сөз.