Бұл Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің арқасында мүмкін болды. Ол 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Жаңа құжат келесі азаматтарға зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік береді: әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет және басқа да арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте 25 жылдан кем емес әскери қызмет өтілі бар және қызметтен босатылған кезде заңда белгіленген шекті жасқа толғандар.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғалардың толық тізімі ҚР Әлеуметтік кодексінің 212-бабында (2023 жылдың 1 шілдесіне дейін, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 64-бабы) айқындалған.
Сондай-ақ, ҚР Әлеуметтік кодексі еңбекке қабілетсіз азаматтардың заңды өкілдеріне олардың зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат береді.
Мерзімінен бұрын алынған зейнетақы жинақтарын екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайын жақсартуға және/немесе емделу ақысын төлеуге пайдалануға рұқсат етілген.
Зейнетақы жинақтарын алуға өтініш берер алдында БЖЗҚ-да жинақтардың бар-жоғын және сомасын нақтылау қажет.
Одан кейін ЭСҚ арқылы www.enpf-otbasy.kz платформасына өту қажет. Онда жеке кабинетте, ең алдымен, арнайы шоттың бар-жоғын тексеру керек. Арнайы шот болмаса, сол порталда өтінішке қол қою қажет, жүйе оны автоматты түрде ашады.
Осы қадамдар аяқталғаннан кейін www.enpf-otbasy.kz порталында зейнеткер қай мақсатқа қаражат жібергісі келетінін таңдау қажет, содан кейін өтінім қалыптастырылып, БЖЗҚ-ға жіберіледі. БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарайды, содан кейін зейнетақы жинақтары Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударылады.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаты:
- ипотеканы толық немесе ішінара өтеу;
- жылжымайтын мүлікті толық сатып алу;
- пәтер сатып алуға немесе үй салуға (соның ішінде жер телімін сатып алуға) несие алу үшін бастапқы жарна салу;
- сатып алу құқығымен лизинг шарты бойынша қарызды өтеу;
- Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру;
- емделу.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 20 жұмыс күні, ал емделу ақысын өтеу үшін 45 жұмыс күні берілетінін естен шығармаған жөн. Өтініш берушілер белгіленген мерзімде зейнетақы қаражатын пайдаланбаса, онда ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Enpf-otbasy.kz платформасы жұмысын бастаған уақыттан бері 938 814 қазақстандық біржолғы зейнетақы төлемдерін (әрі қарай-БЗТ) тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдаланып үлгерді. Пайдаланған БЗТ жалпы сомасы 2,9 трлн теңге.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қазақстандықтар аталмыш қаражатты баспананы толық сатып алу, Отбасы банкіндегі депозиттерді толықтыру және несиелерді ішінара немесе толық өтеуге жиі жұмсаған.
Зейнетақы жинақтарының көмегімен Отбасы банкіндегі депозитті толықтыра отырып, бастапқы жарнаға қажетті қаражатты тиімді жинап, қоныс тойына ертерек жетуге болдаы.
Зейнетақы жинақтары қосылған салымдар Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қалыпты шарттарына бағынады. Яғни, жинақ шоттарына жылына 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (жылына 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына) беріледі. ЖТСМ бұл жағдайда жылына 14%-ға дейін болады.
Зейнетақы жинақтары қосылған Отбасы банкіндегі депозитті тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем алып, үш жылдың ішінде үй алуға жұмсау керек. Заем бойынша мөлшерлеме 3,5%-дан 10%-ға дейін (ЖТСМ 3,7% бастап) болады.