Банктерді корпоративтік несиелеуге белсенді қатысуға ынталандыру, кәсіпкерлерге көмектесу қажет. Басқа банк қызметімен салыстырғанда бизнесті несиелендіруде тиімді пруденциалдық және фискалдық реттеу болуы керек, деді президент.

«Бұл нәзік мәселе екенін түсінемін. Үкімет пен қаржы реттеушілеріне бір жыл ішінде осы маңызды мәселе бойынша түпкілікті пікірін білдіруді тапсырамын. Экономикалық айналымға банктердің жалпы сомасы 2,3 трлн теңгенің «қақталған активтерін» (банкиердің мемлекеттік бағалы қағаздарда жатқан қаражаты - ред.) тарту бойынша шаралар қабылдау қажет.

Осыған байланысты мүдделі бизнес бұл активтерді сатып алып, оларды экономикаға қайтара алатын ашық цифрлық платформа құруды тапсырамын.

Нақты сектордың ұзақ мерзімді ақшаға қолжетімділігін кеңейту үшін бірлескен және синдикатталған несиелеу тетіктерін белсенді қолдану қажет. Бұл ретте өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер «несиелік шаңсорғыш» ретінде әрекет етпеуі керек, олардан экономикамызды нақты әртараптандыруды қамтамасыз ететін жоғары сапалы жобаларды ұсыну талап етіледі.

Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін басым жобаларды қаржыландыру кезінде оларға даму институттарынан кепілдік беру мәселесін қарастыру қажет.

Банк секторындағы тағы бір мәселе – жоғары шоғырлану. Бүгінде елімізде 21 банк жұмыс істейді. Бұл ретте корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен санаулы ғана ірі банктер айналысады. Сондықтан бұл саладағы бәсекелестікті арттыру үшін елімізге үш сенімді шетелдік банк тартылуы керек», деді Тоқаев.