2020 жылдың IV тоқсанындағы несиелеу мәселелері бойынша банктерге жүргізілген сауалнама нәтижелері туралы ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Олжас Күбенбаевтың түсіндірмесі
Сауалнама нәтижелері бойынша, 2020 жылдың IV тоқсанында корпоративтік кредиттеу сегментінде сұраныстың аздап өскенін көрсетті. Шағын бизнес тарапынан келіп түскен өтінімдердің саны 2020 жылдың IV тоқсанында 3 есеге – 80 мыңға дейін өсті. Ал қарыздың орташа сомасы өткен тоқсанмен салыстырғанда 2 есеге – 3,3 млн теңгеге дейін төмендеді.
Сұраныстың негізгі драйвері шағын кәсіпкерлік субъектілері болды. Ыңғайлы талаптармен қарыз алу мүмкіндігі, атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында сұраныстың ұлғаюына алып келді. Жекелеген банктердің онлайн-кредиттерді бере бастауы да жеке кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың өсуіне ықпал етті.
Шағын кәсіпкерлік сегментінде ұсыныс талаптарының жеңілдегені де байқалды. Жекелеген банктер сыйақы мөлшерлемесі мен өзге комиссияларды төмендету есебінен кредиттеу талаптарын жеңілдетті. Қорытындысында, 2020 жылдың IV тоқсанында шағын бизнес бойынша өтінімдерді мақұлдау коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда 26%-дан 37%-ға дейін өсті. Бұл ретте банктердің ірі және орта бизнес сегментінде кредиттеу дайындығы бұрынғы деңгейде сақталды.
2021 жылдың I тоқсанында банктер шағын бизнес тарапынан сұраныс ұлғаяды деп күтеді, ал ірі және орта бизнес сегментінде өсім күтілмейді.
Жеке кредиттеу сегментінде сұраныс, көбінесе, ипотекалық, авто және кепілсіз кредиттеу бойынша өсіп, ал кепілді тұтынушылық қарыздар бойынша төмендеді.
Ипотекалық кредиттеу бойынша 2020 жылдың IV тоқсанында өтінімдер саны өскені (+17,1%) байқалды. Алайда бұл көрсеткіш 2020 жылдың III тоқсанындағы өсу көрсеткішінен төмен болды (+84,7%). Жекелеген банктерде кредиттік белсенділіктің төмендеуі және жылжымайтын мүлікпен байланысы жоқ тұтынушылық шығыстардың ұлғаюы сұранысты тежеуші факторға айналды.
Кепілсіз тұтынушылық кредиттеуге сұраныс банктердің өз өнімдерін ілгерілетуімен қатар жекелеген банктердің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі есебінен де қалыптасты. Олар бойынша келіп түскен өтінімдер саны IV тоқсанда 18,47%-ға артты (6,5 млн өтінім).
Автокредиттер бойынша түскен өтінімдердің саны аздап өскенімен, мақұлданған өтінімдердің саны төмендеді. Кепілді тұтынушылық қарыздар үшін жекелеген банктер клиенттердің төлем жасау қабілеттілігіне жоғары талап қоюын тоқтатқан жоқ, есесіне, бұл сұранысты біршама төмендетті.
Банктердің IV тоқсанда жеке кредиттеуге дайындығы айтарлықтай өзгерген жоқ. Жүйе бойынша сыйақы мөлшерлемелері бұрынғы деңгейде қалуына қарамастан, ипотекалық кредиттеу бойынша кепілдік талаптарын жеңілдетумен қатар, жекелеген банктер кредиттеу талаптарын да жұмсартты.
2021 жылдың басында көптеген банктер тұрғын үй сатып алу/жөндеу жүргізу мақсатында зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігіне байланысты ипотекаға және клиенттердің кредит төлеу қабілеттілігіне қойылатын талаптарды жоспарлы жеңілдетумен және пайыздық мөлшерлемелерді төмендетумен байланысты кепілсіз кредиттерге сұраныс өседі деп күтеді.
2020 жылдың IV тоқсанында несие беру бойынша банктер арасында анкеталық тәсілмен жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 24 банк қатысты, олардың 10-ымен қосымша сұхбат жүргізілді.
Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау үшін тоқсан сайын жүргізеді.