Алматы қаласында салынып жатқан Saxon Yard тұрғын үй кешенінің қасындағы үйлердің айналасы опырылып жатыр. Бұл туралы қала тұрғыны Алия Ботеева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«2023 жылдың 18 мамырында құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын сақтамауы және K7 Group қызметкерлерінің немқұрайлылығы салдарынан учаскеміз опырылып, қақпаның бір бөлігі сырғып, құлап қалды», – деп жазды Алия Ботеева.
Оның айтуынша, дәл үй іргесінен терең шұңқыр қазған құрылыс компаниясы оны ештеңемен нығайтпаған.
Ауланың опырылуы өз алдына, енді жердің жарылуынан үйдің іргетасы мен қабырғасы да жарылып жатыр.
«Қазір K7 Group құрылыс компаниясының салғырттығының кесірінен менің отбасым баспанасыз қалуы мүмкін», – дейді.
Тұрғынның айтуынша, құрылыс компаниясы мәселені шешуге ауызша ғана уәде беріп келеді, әкімдікке хабарласқанымен, олардан да нақты жауап болмаған.
Құрылыс нормаларының сақталмауынан аталған тұрғын үй кешенінің жанындағы бірнеше үйде осындай мәселе туындап отыр.
Мәселеге қатысты Алматы қалалық Қала құрылысын бақылау басқармасы бұл нысанды ерекше бақылауға алғанын, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары ескертулер толық жойылғанға дейін тоқтатылғанын айтып жауап берді.
«Мердігерлік ұйымға қатысты 1-бөлімнің 312-бабы бойынша, авторлық және техникалық қадағалауларға қатысты - ҚР ӘҚБтК 317-бабы бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді», – делінген жауапта.
Басқарманың мәліметінше, аталған нысан бойынша мердігер ұйым еңісті бекіту және қолданыстағы тұрғын үйдің тұнбасына жол бермеу жөніндегі жұмыстарды орындау қажеттілігі туралы ҚазҚСҒЗИ қорытындысын алды.
«Мердігер ұйым алынған ұсыныстарды орындауға кірісті, қазіргі уақытта топырақ деңгейін көтеру үшін шұңқырды қайта толтыру жұмыстары жүргізілді», – деп мәлімдеді басқарма.
Алайда, Алия Ботееваның айтуынша, басқарма аталған олқылық үшін компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартпаған.