Қазақстан Ұлттық Банкі алғаш рет макроэкономикалық сауалнама жүргізді – онда нарықтағы кәсіби қатысушылардың ішкі және әлемдік нарықтағы ахуалды дамыту бойынша дербес пікірі қамтылды, сондай-ақ олардың бағалауларына және күтулеріне шолу жасалды, деп хабарлайды ҚҰБ-тың баспасөз қызметі.
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, болжайтын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
«Макроэкономикалық сауалнама Ұлттық Банк пен нарықтағы кәсіби қатысушылар арасындағы өзара байланысты жақсарту үшін қолға алынып отыр. Сарапшылар қауымдастығымен диалог орнату – реттеуші мен нарық арасындағы ақпараттық асимметрияны төмендетуге бағытталған», - делінген хабарламада.
Реттеушінің ақпараты бойынша, мұндай сауалнаманы Ұлттық Банктің болжамдарын жариялаумен қатар базалық мөлшерлеме бойынша шешімдердің алдында жылына кемінде 4 рет тұрақты түрде өткізу дәстүрге айналмақ. Оның нәтижелері ҚҰБ-тың ресми сайтында «Ұлттық Банктің макроэкономикалық сауалнамасы» бөлімінде жарияланады.
«Алдағы уақытта респонденттердің болжамына негізделген мәліметтердің жинақталуына қарай жарияланымдағы ақпарат толықтырылып отырады. Сондай-ақ, алғы шарттар мен болжамдарды талқылау үшін Ақша-кредит саясаты туралы баяндама жарияланғаннан кейін сауалнамаға қатысушылармен кездесу өткізу жоспарда бар», - деп түйіндейді Ұлттық Банк.