Сақтандыру компанияларының шоғырландырылған деректері бойынша 2023 жылы жол-көлік оқиғаларында (ЖКО) зардап шеккен мүлік иелерінің пайдасына міндетті автосақтандыру шарттары (КҚИ АҚЖМС) бойынша 92 925 төлем жүргізілді, оның 87 610-ы әртүрлі кластағы көлік құралдары иелерінің пайдасына, деп «Евразия» СК баспасөз қызметі компания талдаушыларының деректеріне сілтеме жасай отырып, хабарлайды.

Төлемдердің ең көп саны Астанада тіркелген көлік құралдарына төленді – 15 472, екінші орынды  14 684 төлеммен Алматы қаласы алады. Алматы облысы ЖКО-да зардап шеккен автокөліктердің саны бойынша көшбасшылар үштігін жабады – 8 963 төлем.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы  есепке алу комитетінің деректері бойынша 2023 жылы Қазақстанда барлығы 15 886 ЖКО орын алған, оның 1 984-і өліммен аяқталды. Бұл ретте, комитеттің деректері азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірген ЖКО ескереді. 2023 жылы ЖКО-да барлығы 2 543 адам қаза тауып, 19 554 зардап шеккендер түрлі дәрежедегі жарақат алған.

«Әрбір оныншы ЖКО-да зардап шеккендер екі немесе одан да көп көлік құралдары болып табылады, осыған сәйкес бір апатқа бірнеше төлем болуы мүмкін. Алайда сақтандыру компанияларының статистикасы өткен жылы жүргізушілер жасаған  6 мыңнан астам жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайларын есепке алмайды. Осылайша, біздің бағалауымыз бойынша, Қазақстанда өткен жылы кемінде 90 мыңдай  ЖКО орын алған», – деп мәлімдейді «Евразия» СК талдаушылары.


Қазақстанда тіркелген көлік құралдарына сақтандыру төлемдерінің арақатынасы 1,64% құрады. Тіркелген көлік құралдарына төлемдердің ең үлкен арақатынасын Астана мен Алматы қалалары  көрсетті – тиісінше 4% және 2,4%. Салыстырмалы түрде Қостанай облысы үшінші орында – 2,1%-дан астам. ЖКО-ның басым санына, әдетте, екі көлік қатысатынын ескерсек, өткен жылы ЖКО-да еліміздің тіркелген автопаркінің кемінде 3%-ы зардап шекті: Астанада – 8%, Алматыда – 4,7%, Шымкентте – 4%-дан астам.

«Сақтандыру компанияларының деректері еліміздің жолдарындағы апаттылықтың неғұрлым объективті статистикасын көрсетеді. Бұл ретте ЖКО орын алған кезде жүргізушілердің кейбірінің қолында міндетті автосақтандыру полисінің болмайтынын, сондай-ақ жүргізушілердің арасында оқиға туралы полицияға және сақтандыру компанияларына хабарламай, ЖКО-ны сол жерде реттеуді жөн көретінін ескеру қажет. Мопедтер мен басқа да жеке мобильді құралдардың жүргізушілерінде міндетті автосақтандыру полистері  болмайды, кінәлі болған жағдайда сақтандыру нарығының статистикасына кіргізілмейді», – деп қорытындылайды «Евразия» СК.

93 мыңға жуық сақтандыру төлемдерінің негізгі  бөлігі  жеңіл автомобильдердің иелеріне тиесілі болды, атап айтқанда 79 167, жүк көліктерінің иелері 5 364 төлем алды. Тағы 5315 төлем қоршаулар, жол қоршаулары, тіректер, сондай-ақ қала маңындағы жолдарда жиі өлетін мал сияқты жылжымайтын мүлік иелеріне тән.