2023 жылғы мамырда теңгенің айырбастау бағамының динамикасына көбінесе ішкі факторлар әсер етті, дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Мамыр айы – «салық» айы саналады. Сондықтан экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдерін төлеу үшін валюталық түсімді конвертациялауы бағамның бір айда 1 АҚШ доллары үшін 447,71 теңгеге дейін 1,2%-ға нығаюына айтарлықтай әсерін тигізді. Сонымен қатар мамыр айында теңге бағамының әртүрлі динамиканы көрсеткенін атап өткен жөн.
Трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валютаны сату көлемі 800 млн АҚШ долларын құрады. Маусым айында сату көлемі азайып, шамамен 500-550 млн АҚШ доллары болады. БЖЗҚ-ның валюталық үлесті қолдау аясында валютаны сатып алу бойынша операциялары 240 млн АҚШ долларын құрады. Маусымда 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін валюта сатып алынады. Ұлттық Банк мамырда валюталық интервенциялар жүргізбеді.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері өз кезегінде валюталық түсімнің бір бөлігін ішкі нарықта сатуды жалғастыруда. Міндетті сату көлемі мамырда 323 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілген барлық операциялардың көлемі мен сипатын нарыққа коммуникациялауды жалғастыруда. ҰБ-тың ашық бола түскеніне халықаралық талдаушылар да мән беріп, реттеушінің ашықтығы 2022 жылы ағымдағы шоттың 12 жылдық ең жоғары профицитіне және пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейіне қол жеткізу жағдайында айырбастау бағамы үшін оң фактор болғанын айтты.