Қаңтар-тамыз айларында Ресейден $11,2 млрд көлемінде тауар әкелінді. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда номиналды өсім 2,1%-ды немесе $231,9 млн құрады. Мұндай деректерді ҚР СЖРА ҰСБ ұсынып отыр.
Көрсеткіш бір жыл бұрын 5% қысқарғаннан кейін қайта өсіп келеді. Алдыңғы жылдары сегіз айдың қорытындысы бойынша едәуір өсіп отырған еді: 2022 жылы - 7,8%, 2021 жылы - 25,3%.
Қазақстан Ресейден не сатып алып отыр?
Қаңтар-тамыз айларында Ресей импортының 85%-ы алты тауар тобына тиесілі болды:
- металдар мен олардан жасалған бұйымдар – $2,2 млрд (бір жылда +3,6%);
- машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар және аппараттар – $2,1 млрд (-0,8%);
- химиялық өнім және олармен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері – $1,9 млрд (+6,8%);
- дайын азық-түлік тауарлары – $1,3 млрд (+3,3%);
- отын-энергетикалық тауарлар – $1,1 млрд (+3,8%);
- мал және өсімдіктер өнімдері – $0,9 млрд (+8,6%).
Қоса кетейік, Қазақстанға тауар импорттайтын елдердің ішінде Ресей ең үлкен үлеске ие - 29,4%. Екінші орында тұрған Қытай Ресейден 4,5 п.т. артта қалып отыр.