Қытай – білім саласына инвестиция құюдан көш бастап тұр

Оқу орындары арасындағы бәсекелестік артуда

Қытай университеттері жақын арада әлем университеттерінің үздік ондығына кіруі мүмкін, бұл көрші ел үкіметінің білім мен ғылымға құйған инвестициясы арқасында мүмкін болып отыр. Жоғары білім беру саласындағы халықаралық Times Higher Education рейтингі нәтижелері осындай. Енді әлемнің мықты 200 университетінің қатарына Қытайдың 13 оқу орны кіреді, 2020 жылы олардың саны жетеу болған, айта кету керек, соңғы жылдары осы білім ордаларының әрқайсысы позицияларын нығайтқан.

Әзірге рейтингтің алғашқы позицияларында өзгеріс көп емес – Оксфорд университеті бұрынғыша көш бастап тұр, ал АҚШ алғашқы сегіз орынды иемденген, алайда қытайлық университеттер жақсы өсім көрсетіп отыр.

Цинхуа университеті мен Бейжің университеті өз позицияларын өсіріп, 12 және 13-орындарға жайғасқан, бұл қытайлық оқу орындарының үздік ондыққа жақындағанын көрсетеді. Қытайтану сарапшысы Денис Саймон «Қытай оқу орындары үздік ондыққа кіре ме, жоқ па дегеннің орнына, олар ондыққа қашан кіреді?» деген орындырақ дейді. Мұндай нәтижелерге тікелей әсер еткен бірден-бір фактор – ғылым мен білім саласын қаржыландыру көлімінің артуында.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша Қытайдағы мемлекеттік білім беру шығындары 2022 жылы ЖІӨ-нің 3%-дан астамын құраған, ал Қытайдың ЖІӨ-сі – $17,01 трлн.

Саймон Қытай университеттерінің ілгерілеуі жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық тәжірибесіне негізделгенін атап өтті. Білім беруді саясаттандыру дамуға теріс әсер етуі мүмкін деген қорқынышқа қарамастан, нәтижелер мүлде басқаша сөйлейді. Қытай университеттері өзгерістерге бейім келеді және оқу процесіне озық тәжірибелерді енгізуде, бұл әлемдік рейтингтердегі оқу орындары санының өсуінен көрінеді.

Үздік 400 университет ішінде Қытай оқу орындары саны артқан, атап айтқанда, 2021 жылы көрсеткіш 15 болса, биыл 30-ға жетіп отыр. Бұл ретте британиялық және америкалық оқу орындарының позициялары төмендеп келеді. Шеффилд университетінің профессоры Мин Ченг АҚШ пен Ұлыбритания университеттері Қытай тәжірибесінен үйреніп, мәдениеттер мен идеологиялардың алуан түрлілігін көбірек бағалауы керек деп санайды.

Сарапшылар Қытай университеттерінің табысының негізгі факторлары рейтинг критерийлерін терең түсіну, мемлекеттік қаржыландыру көлемінің артуы, сондай-ақ интернационализацияға, білім беру реформаларына және ғылыми инновацияларға көңіл бөлу екенін айтуда. Қытай университеттері оқыту мен зерттеу жұмыстары бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан.

Джонс Хопкинс университетінің профессоры Эндрю Мерта STEM бағыты бойынша сапалы білім беру қытайлық университеттердің мықты тұсы екенін, ал әлеуметтік ғылымдар академиялық еркіндікке әсер ететін саяси әсерден зардап шегіп жатқанын айтты. Егер бакалавриаттан аспирантураға ауысу сапалы біліммен қамтамасыз етілмесе, қолданыстағы жүйе әлсіреуі мүмкін.

Қиындықтарға қарамастан, қытайлық университеттер жетіліп, жаңа заман талаптарына бейімделуде. Өңірдегі қазіргі тенденциялар мен өсіп келе жатқан бәсекелестікті ескере отырып, Қытай жақын арада әлемдік білім беру жүйесінде жетекші орындардың біріне жайғаспақ.