Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) құрамына кіретін компаниялар тобы Қазақстанның ішкі нарығына мұнай жеткізудің жалпы көлеміндегі өз үлесін 2023 жылдың соңында бір жыл бұрынғы 35,6%-дан 39,3%-ға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
«2022 жылы мұнай сатудың негізгі көлемі CNPC субъектілер тобына – 6 703,3 мың тонна немесе 35,6%, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ҰК АҚ субъектілері тобына – 4 629,9 мың тонна немесе 24,5% келеді. Басқа субъектілердің жалпы көлемі мен үлесі 7 495,8 мың тонна немесе 39,9% құрайды. 2023 жылы мұнай сатудың негізгі көлемі CNPC субъектілер тобына – 6 532,4 мың тонна немесе 39,3%, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына – 4 688,3 мың тонна немесе 28,2% келеді. Басқа субъектілердің жалпы көлемі мен үлесі 5 384,1 мың тонна немесе 32,5 пайызды құрайды», — делінген құжатта.
Ішкі нарыққа барлығы 105 компания мұнай сатумен айналысады. Агенттік 2023 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 90 млн тоннаны, экспорт – 70,5 млн тоннаны, мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі – 16,6 млн тоннаны құрағанын атап өтті. Осылайша, мұнай өндіруші компаниялар өндірілген мұнайдың 18,5 пайызын ішкі нарыққа бірлесіп жеткізді. 2022 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 84,2 млн тоннаны, экспорт – 64,3 млн тоннаны, мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу – 18,8 млн тоннаны немесе өндіріс көлемінің 22,3%-ын құрады.