Kcell таза пайдасы да, қарызы да артты

Kcell-дың 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында таза пайдасы 41% өсіп, 7,9 млрд теңгеге жетті.

Компанияның жартыжылдық есептілігіне сәйкес, Kcell-дің түсімі 11% өсіп, 135,4 млрд теңге болды.

Негізгі телекоммуникациялық қызметтерден түсетін кіріс, яғни дауыс байланысы мен деректерді беруден түсетін түсім небәрі 2% өскен. Ал телефондар мен жабдықтарды сату көлемі 33% артып, 25,4 млрд теңгеге жетті.

Бұл бағыттағы өсім компанияның қорларынан да көрінеді. Жыл басынан бері телефондар мен аксессуарлар қоры екі еседен астам өсіп, маусым соңында 16,7 млрд теңге болған.

Kcell-дің таза пайдасы айтарлықтай өскенімен, операциялық ақша ағымы керісінше төмендеген.

Компанияның операциялық қызметтен түскен ақша ағымы бірінші жартыжылдықта 15,1 млрд теңге болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 43,4 млрд теңгені құраған.

Сонымен бірге Kcell негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді сатып алуға 52,6 млрд теңге жұмсады.

Осының нәтижесінде компанияның ақша қаражаты жыл басындағы 32,1 млрд теңгеден маусым соңында 2,1 млрд теңгеге дейін азайды.

Компания сонымен қатар пайдаланылмаған, расталған кредиттік желілер көлемі 213,9 млрд теңге екенін хабарлады.

Алты ай ішінде Kcell-дің жалпы қарызы 141,4 млрд теңгеден 152,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Қаржылық шығындар 46% артып, 17,3 млрд теңгеге жетті.

Есепті кезең аяқталғаннан кейін Kcell AIX-те бес жылдық облигацияларын орналастырды. Компания 420 млн юань көлемінде бағалы қағаз шығарып, купон мөлшерлемесін 4,2% деңгейінде белгіледі.

Компания юаньмен облигация шығарудың негізгі мақсаты қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру екенін айтты. Сонымен қатар Kcell 30 млрд теңгеге теңгемен шығарылған облигацияларын мерзімінен бұрын өтеді.