Ұлттық экономика министрлігі қосымша құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынып отыр. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Асқар Әмрин айтты.

«ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға көтеру ұсынылып отыр, бұл мәселе талқыланып жатыр, онда бюджетке шамамен 2-2,4 трлн теңге қосымша ақша келеді. Бұл жағдайда салық төлеушілер не ұтады? Біз кәсіпкерлермен жиі кездесіп, мәселелерді талқылаймыз. Барлығы, әсіресе Ресейден келетін импорт өте қымбат екенін айтады», — деді вице-министр.

Ол Ресейде тауар құнының 20%-ын қайтаратынын түсіндірді.

«Ресей тауарлары Қазақстанға келгеннен кейін ресейлік экспорттаушы үшін бұл экспорт. Бұл экспорт болғандықтан, оларда да нөлдік мөлшерлеме бар, ҚҚС-тың сипаты осындай, ел үкіметі кәсіпкерге ҚҚС-ны қайтарып береді. Олар бүкіл құнының 20%-ын қайтарады. Бұл ретте олар Қазақстанда 12% төлейді. Яғни, оларда 8% өздерінде қалады», — деді Асқар Әмрин.

Оның айтуынша, бұл 8% арқылы экспорттаушы бөлшек саудадағы ең жақсы сөрелерді сатып алады, жарнамалық шығындарды төлейді және тіпті бағаны төмендетуі мүмкін.

«Сәйкесінше, біздің өнім бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Егер ҚҚС-ны көтерсек, Қазақстан бюджетіне 12 пайыз емес, 16 пайыз, төлейді», — деді вице-министр.

Ол осылайша импорттық тауарлардың құны өсетінін, тиісінше қазақстандық тауарлардың, мысалы, ресейлік әріптестерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болатынын түсіндірді.