Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджет кірісі 9,9 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 36,8% артық, деп хабарлайды finprom.kz.
Ал мемлекеттік бюджет шығындары өткен жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 19,5% артып, 9,7 трлн теңгеге жетті.
Кіріс пен шығын арасындағы айырмашылық 188,1 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін: былтырғы айырмашылық, яғни сальдо 895,8 млрд теңгеге теріс болған еді.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджет шығындарының басым бөлігі – 24%-ы білім беруге жұмсалды: 2,3 трлн теңге (былтырғыдан 28,7% көп).
Шығындардың тағы 22,5%-ы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалды: 2,2 трлн теңге, былтырғыдан 8,9% артық.
Өз кезегінде шығындардың 10%-ы денсаулық сақтау саласына бағытталды: 977,6 млрд теңге.
Былтырдан бері шығындардың ең көп өсуі қорғаныс секторында (38,9%, 486,4 млрд теңгеге дейін) байқалды, ең азы денсаулық сақтау секторында болды.
Бұл ретте мемлекет кірістерінің 72%-дан астамы бюджетке түсетін салық түсімдері болды: 7,2 трлн теңге, былтырғыдан бірден 46,8% көп.
Былтырдан бері салықтық емес түсімдер 28,2%, яғни 214,6 млрд теңгеге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 32,8%, 110 млрд теңгеге дейін өсті.
Трансферттердің түсімдері де өсті: бір жылда 14,7%, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін көбейді.