Қорғалған акциялар (defensive stocks) – бұл нарықтың ырқына көнбейтін, тұрақты кіріс әкелетін компаниялар акциясы. Мұндай ұйымдар әдетте тұтынушыларға қажетті өнімдер мен қызметтер ұсынады. Мысалы, азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызметтер сияқты секторлар осыған тізімге кіреді. Қорғалған акциялар экономикалық рецессия немесе нарықтағы құлдырау кезінде де тұрақтылығын сақтай алады және үнемі дивидендтер төлеуге бейім келеді. Бұл туралы Jusan Invest тарқатып жазады.

Қорғалған акцияларға жататын негізгі салалар және компаниялар:

1. Тұтынушылық тауарлар: Procter & Gamble, Unilever, Coca-Cola, PepsiCo

2. Денсаулық сақтау: Johnson & Johnson, Pfizer, Merck & Co.,  Abbott Laboratories 

3. Коммуналдық қызметтер: Duke Energy, NextEra Energy, Southern Company

4. Бөлшек сауда: Walmart, Costco, CVS Health

Неліктен қорғалған акцияларға инвестиция құю керек?

Портфельдің құбылмалылығын азайтады

Қорғалған акциялар нарықтағы құбылмалылықты азайтып, экономикалық рецессия кезінде шығындардың алдын алуға көмектеседі. Олар тұрақты дивидендтер төлеп, нарық құлдырап жатқанда инвесторларға табыс әкеледі.

Инвестицияны енді бастағандар үшін тиімді

Тәжірибесі аз инвесторлар нарықтағы алғашқы қадамын қорғалған акциялардан бастағаны дұрыс. Өйткені, оларда шығынға ұшырау қауіпі төмен. Олар капиталды сақтап қалуға көмектесіп, нарықпен танысуға мүмкіндік береді.

Тұрақты табыс көзі

Қорғалған акциялардың негізгі артықшылықтарының бірі – тұрақты дивиденд төлеу. Бұқа нарығында да, аю нарығында да олар тұрақты табыс ағынын қамтамасыз ете алады.

Пандемия мысалы

2020 жылғы коронавирус пандемиясы қор нарығында құлдырау тудырды, бірақ қорғалған акциялар инвесторлар үшін қауіпсіз аймаққа айналды. Мысалы, B&G Foods (BGS) тұрақты өнімдер шығарып, акциялары 2020 жылдың алғашқы жартысында 36%-ға өсті. Ал, American Airlines (AAL) сияқты циклдік акциялар пандемиядан қатты зардап шеккен болатын.