Инвесторлардың назар аударуына лайық саланың бірі – агроөнеркәсіп секторы, дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы ол инвесторлармен кездескенде айтты.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады. Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 млн гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, 5 млрд доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны 5 млрд доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика секторында Қазақстан Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Елімізде он бір мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жүк терминалдарын салу мен кеме өндірісін жолға қою арқылы Орта дәліз инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуға баса назар аударылады.