Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақпараттық ресурстарда, Агенттікке сілтеме жасай отырып, Ресейдің еншілес банктерінде қазақстандықтардың қаражатын бұғаттау туралы дәйексіз ақпараттың таратылып жатқандығы туралы хабарлайды. Бұдан басқа, Қазақстанның Ресей банктерінің активтерін бұғаттауы туралы ақпарат жалған.
Агенттік қаржылық реттеуші ретінде клиенттердің қаражатын және еншілес ресейлік банктердің активтерін оқшаулау бойынша ешқандай шаралар қабылдаған жоқ және қабылдауға құқылы емес.
Агенттіктің Ресейдің еншілес банктерінен (Сбербанк Қазақстан АҚ, Альфа-Банк Қазақстан және Банк ВТБ Қазақстан) алған ақпараты бойынша, шетелдік банктер банктердің шетелдік корреспондент-банктердегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қаражаттарын бұғаттаған.
Шетелдік корреспондент-банктердегі Ресейдің еншілес банктерінің оқшауланған қаражатының қалдықтары 9,2 млрд теңгені құрайды, оның 2,7 млрд теңгесі – Сбербанк Қазақстан қаражаты, 6,2 млрд теңге – Альфа-Банк Қазақстан қаражаты және 0,3 млрд теңге – Банк ВТБ Қазақстан қаражаты.
Бұдан басқа, шетелдік корреспондент-банктер Сбербанк Қазақстан клиенттерінің 2,9 млрд теңге сомаға және Альфа-Банк Қазақстан клиенттерінің 3,9 млрд теңге сомаға төлем операцияларын бұғаттаған. Қазіргі уақытта банктер клиенттерге контрагент банктермен келіссөздер жүргізу және тиісті өтініштерді дайындау арқылы олардың қаражатын қайтаруға жәрдем көрсетуде.
Өз тарапынан Агенттік банктермен бірлесіп, Ресейдің еншілес банктері клиенттерінің бұғатталған қаражатын қайтаруға байланысты жағдайды қадағалайтын болады.