Биыл шілдеде ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросы табак тұтыну және пассивті шегу туралы болжамды мәліметтерді алу, сондай-ақ табак тұтынудың алдын алу және бақылау бойынша мониторинг жүргізу үшін республикадағы 11,8 мың үй шаруашылығы арасында сауалнама жүргізді.
Табак пен кальянды тұтыну келетін болсақ, азаматтардың басым бөлігі кальян және табак шекпейді. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда олардың үлесі артқан. Мысалы, кальян тартпайтын респонденттердің үлесі 96,2%-дан 96,4%-ға, ал табак тартпайтындар – 79,6%-дан 80,6%-ға өсті. Бұл ретте респонденттердің 3,6%-ы қазіргі уақытта кальян шегеді, оның ішінде 0,4%-ы күн сайын, 3,2%-ы күн сайын емес. Респонденттердің 19,4%-ы табак шегеді, оның ішінде 15,8%-ы күнделікті темекі шегеді және 3,6%-ы анда-санда темекі тартады.
Жынысы бойынша темекі шегетіндердің үлесі ерлер арасында 36%, әйелдер арасында 8,5%.
Сауалнамаға сәйкес, табак шегетін респонденттер күніне барлығы 12,9 млн табак өнімдерін пайдаланады, бұл былтырғыдан 0,4% көп.
Тұтынылатын барлық өнімдердің ішінде басым көпшілігін өнеркәсіпте өндірілген темекі құрайды: 11,9 млн өнім – 2022 жылмен салыстырғанда 3,9% аз. Сондай-ақ қазақстандықтар арасында қолдан жасалған темекі (255,5 мың), сигара мен сигарилла (234,8 мың), IQOS немесе GLO (228,5 мың), электронды темекі (136,5 мың), түтік (74,9 мың) және кальян (24,5 мың) танымал.
Ерлер әйелдерге қарағанда өнеркәсіптік темекілерді, сигара және сигарилла көп шегеді. Ал әйелдер ерлерге қарағанда қолдан жасалған темекі, электронды темекі және табакты ысыту жүйелерін жиі пайдаланады.Ерлер мен әйелдер арасындағы кальян әуесқойларының үлесі бірдей.
2023 жылдың қазан айында ҚР-да темекі бағасы айына 2,1% және бір жылда 20% өсті.
Өңірлер бойынша ай сайынғы динамикада баға Ақмола (4,8%), Қостанай (4%) және Атырау (3,8%) облыстарында қатты қымбаттады. Бір айдағы ең аз баға өсімі Павлодар және Қызылорда облыстарында тіркелді: әр облыста 0,1%.
Жылдық динамикада темекі ең көп Қостанай облысында 27,9% қымбаттады. Одан кейін Батыс Қазақстан (24,6%) және Жетісу (23%) облыстары. Ең аз жылдық баға өсімі Қызылорда облысында байқалды: 15,8%.