Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер саны бір жылда 31 мыңнан 41 мыңға дейін өсті. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық әріптестер форумында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір шетелдік студенттердің 8 мыңнан астамы Қазақстанның қаржылық қолдауымен білім алып жатыр. Бұл – ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Шетелдік студенттерді тарту үшін «Study in Kazakhstan» ұлттық бастамасы іске асырылып жатыр.
Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдары көбейіп келеді
Қазір әлемнің 11 еліндегі жетекші университеттер Қазақстанда өз филиалдарын ашқан. Бұл бағытта жалпы саны 40 стратегиялық әріптестік туралы келісім жүзеге асырылып жатыр.
Шетелдік университеттердің кампустарында 12 мыңнан астам студент білім алады. Оларға шамамен 1,5 мың оқытушы сабақ береді. Оның ішінде 600-ден астамы – шетелдік профессорлар.
Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің бірлескен бағдарламалары аясында алғашқы түлектер қазақстандық және америкалық жоғары оқу орындарының қос дипломын алған.
Сондай-ақ Қазақстанда Уэльстегі Кардифф университетінің филиалы ашылды. Ол британдық университеттің шетелдегі алғашқы халықаралық кампусы атанды.
Қазір Ковентри университеті, Ұлттық ядролық зерттеу университеті (МИФИ), Бейжің тіл және мәдениет университеті мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетіне арналған кампустар салынып немесе кеңейтіліп жатыр.
Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингі жақсарды
Тоқаевтың айтуынша, 2026 жылғы QS World University Rankings рейтингіне Қазақстанның 18 жоғары оқу орны енген. Ал Times Higher Education рейтингінің 2027 жылғы тізімінде отандық 10 университет бар.
Қазақстан Еуропадағы Лиссабон конвенциясы мен Токио конвенциясына қосылған өңірдегі алғашқы мемлекет болды. Соның нәтижесінде қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалды.
Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы жоғары білім, ғылым және халықаралық академиялық ынтымақтастық орталығына айналдыру стратегиялық мақсат екенін атап өтті.
Қазір елімізде 132 университет жұмыс істейді. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады.
Соңғы жеті жылда мемлекеттік білім гранттарын қаржыландыру көлемі екі еседен астам өсіп, 3,4 млрд долларға жеткен. Ал ғылымды қаржыландыру көлемі 590 млн долларға дейін ұлғайған.