2022 жылы машина жасау саласында 3,1 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Өндірілген өнім көлемі 9,4% көбейіп, жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 15%-ға жетті. Ал экспорт 53% өсіп, 2,3 млрд долларды құрады. Жалпы, машина құрастыру саласы Қазақстан экономикасының негізгі секторларының біріне айналды. 

90-жылдардың басында машина құрастыру секторы құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 15% шамасында болды. Отандық машина құрастыру өнімдерін шығару үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды, шетелден тікелей инвестиция тартылды. Елде жаңадан зауыттар ашылды. Ескілеріне қолдау жасалды. Соның бірі – арнайы техника құрастыратын «Оралагрожөнмаш» АҚ. 


1955 жылы ашылған кәсіпорын 70 жылға жуық уақыттан бері еліміздің және жақын шетелдердің нарығын арнайы техникалармен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорында арнаулы мақсаттағы автомобильдер, жүгері оратын комбайндар, монтаждау аспаптары, жылыту пештері шығарылады. 9 цехі бар ауқымды өндіріс орнында автотехниканың 80 түрі шығарылады. Мұнда 150-ден астам қызметкер еңбек етеді. Қазақстанда жасалған машиналар Кедендік одақ елдеріне экспортталады. 

Бастапқыда зауыт жанар-жағармай құю цистерналары сынды арнайы техника жасаумен айналысқан еді. Сол кездегі өндіріс ауқымы  жылына 6 мың бірлікке дейін жеткен-ді. Яғни, бастапқы кезден-ақ, кәсіпорын өзінің өміршеңдігінің алғышарттарын көрсетті. 


Мұнда шығарылатын техникалардың әр түрлі салаларда пайдасы көп. Мысалы, өрт сөндіру машиналары төтенше жағдайларда, самосвалдар – жол құрылысында қолданылады. Қауіпті заттарды тасымалдайтын транспорттар да бар. Бүгінде компания жаңа нарықты, жаңа сегментті игеріп жатқандықтан, коммерциялық көліктердің өндірісін бастаған.


«Біз машинаны басынан бастап аяғына дейін толықтай өзіміз құрастырамыз. Сапасына кепілдік береміз. Егер өндіруші болсаң, бәрін өзің жасауың керек деген сөз. Сәйкесінше, бұл үрдісті жылдамдатады. Яғни, логистикалық шығындарымыз жоқ. Мұндағы қызметкерлер жұмыстарын мақтан тұтады. Өйткені барлығын өз қолымызбен жасап шығарамыз. Зауыттағы  маңызды орындардың бірі – 4-цех. Өйткені, өнімнің 90%-ы осы цехте шығарылады. Сол себепті заман талабына сай, қуатты құрал-жабдықтарды Еуропадан әкелдік», дейді 2-өндіріс директоры Еркебұлан Иманғалиев.

Дағдарыс кездері, сонау 2000 жылдары кәсіпорын басшылығы барлық өнімді толықтай отандық етіп, елде  шығару туралы шешім қабылдайды. Тиісінше, Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт сөндіру цистерналарын елде шығаруға қатысты ұқсыныстарын жолдаған. Нәтижесінде бастама іске асып, зауыт қызметкерлері осы өнім түрін шығара бастады. Күні бүгінге дейін зауыт осы сегментте көшбасшы. Атап айтсақ, кәсіпорында тек қана өрт техникасымен жұмыс істейтін арнайы жұмыс тобы бар. 


Отандық дайын өнім шығаруда кәсіпорындардың көпшілігі қаржыландыру көздерінің жоқтығына шағымданады. Алайда егер кәсіп экономикалық тиімділігін дәлелдеген, ішкі нарықта өз орны бар, тіпті экспортты көздеп отырған болса, банктердің бас тартпайтыны анық. Осы орайда, компанияны қаржыландырушы – бизнесті несиелендіруден елдегі көшбасшы банктердің бірі Jusan Bank.

«Jusan-мен жұмысты бастағанымызға бір жыл болды. Олар бізді көріп, біз олардың артықшылық тарын танып, сараладық. Жақын арада күткен мақсаттарға жетеміз деп ойлаймыз. Біз ешқашан бір орында тұрмаймыз. Үнемі даму мен ізденіс үстіндеміз. Қызметкерлеріміз де жетістіктерге жетуді қалайды. Алға қойып отырған мақсатымыз – арнайы техника өндірісі бойынша ТМД елдері арасында жетекші орынға ие болу. Бұл жолда банк әрі қарай қолдау білдіреді деген ойдамыз», дейді зауыттың қаржы директоры Асқан Сағынов.


Айта кетсек, соңғы үш жылда Jusan Bank шағын және орта бизнес секторын 900 млрд теңгеге қаржыландырды. Бұл өз кезегінде 175 мың жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болды. 

Бүгінгі таңда машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Автоөндірушілер жаңа нарықтарға қол жеткізу, өзінің өткізу желісін кеңейту, жаңа технологиялар алу мақсатында стратегиялық серіктестерді қашан да іздейді. Жалпы, көлік өндірісі саласын дамытудың негізгі бағыттары отынның жаңа түрлерін пайдалану, жаңа конструкциялық материалдарды қолдану, сапалық және баға белгілері бойынша модельдік қатарларды әртараптандыруды қажет етеді. 

Қорыта айтқанда, елдегі машина өндіру саласының даму әлеуеті жоғары. Бұл саланы дамыту мемлекеттің орташа мерзімдік және ұзақ мерзімдік бағдарламалық құжаттарда белгіленген мүдделеріне және басымдықтарына сай келеді.