Қылмыстық сот төрелігі деңгейі рейтингінде Қазақстан 2022 жылы әлемдегі 140 елдің ішінде 62-орынға ие болды. Елдің индексі 0,47 болды. Бұл рейтингке қатысушы барлық ТМД елдері арасындағы ең жақсы көрсеткіш, деп хабарлайды finprom.kz.
Өзбекстан – 65, Беларусь – 76, Молдова – 85, Украина* – 93, Қырғызстан – 114, Ресей – 123-орында.
Рейтинг басында Еуропа елдері: Норвегия, Финляндия және Дания, ал соңында Венесуэла.
2022 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша ҚР-да 149,4 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен бірдей дерлік. Оның 63,6 мыңы орташа ауырлықтағы, 41,4 мыңы – ауыр, 21,9 мыңы – ауыр емес, 2,1 мыңы – аса ауыр дәрежедегі жағдай. Тағы 20,4 мың іс теріс қылықпен байланысты.
Өңірлер бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 32,9 мың оқиға, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 29,4% артық. Одан кейін Астана (15,9 мың жағдай, 5,1% көбейген) және Алматы облысы (11,9 мың жағдай, 13% азайған).
Құқық бұзушылықтардың ең азы жаңадан құрылған өңірлер – Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында тіркелді.
Барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі меншікке қарсы құқық бұзушылықтар саласында тіркелді: ҚР-да тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтың 76,5%-ы немесе 114,3 мың іс (бір жылда 3,1% көбейген).
Одан кейін ең көп жасалған қылмыс жеке тұлғаға қарсы қылмыстар (7 мың жағдай – бір жыл бұрынғыдан 12,2% аз) және халықтың денсаулығы мен адамгершілікке қарсы қылмыстар (6,7 мың жағдай, бір жылда 8,6% азайған).