Жақында ғана еліміз үшін сүйіншілеп айтар жаңалықтың куәсі болдық. Оған себеп – шығыстың шырайлы өлкесі Қатонқарағайдың Қазақстан қалаларының ішінде бірінші боп Green Destinations Top 100 Stories жаһандық рейтингінен орын алуы.
Green Destinations Top 100 Stories – инновациялық және сапалы туризмді ұсынатын 100 экологиялық орынның жыл сайынғы тізімі. Бұл тізімде мекендердің таза, әдемі табиғат көріністері ғана емес, саяхатшыларға әсер қалдыратын мәдени ерекшеліктері де ескеріледі.
2014 жылдан бастап Green Destinations экотуризмді дамыту мен табиғатты қорғау жолында үлкен жұмыс жасап жүрген әлемнің ең таза аймақтарына марапат көрсетіп келеді.
Айта кеткен жөн, сала сарапшылары Жаһандық тұрақты туризм кеңесі (GSTC) бекіткен талаптар бойынша әлемдегі 100 маңызды бағытты бөліп көрсетеді.
Биылғы тізімге ұсынылған 170 бағыттың ішінен таңдалып алынған Қатонқарағай өңірді басқару мен дамытудағы үздік үлгісін көрсетіп, жоғары жүздікке енді.
«Біз әлемдегі ең экологиялық таза жүз бағытты бір рейтингке жинап жатырмыз. Іріктеу критерийлерінің бірі – байқауға қатысушылар осы нәтижеге жету үшін қандай жұмыстар жасағаны туралы өз оқиғаларын айтуы керек. Соңғы жылдары біз критерийлерді күшейтіп, аумақтың тұрақты даму тарихы бойынша талап қостық. Бұл жүйе іріктеу кезінде өз тиімділігін беріп келеді», – деді Green Destinations Top 100 Stories президенті Альберт Салман.
Қазақстан бұл рейтингке алғаш рет еніп отыр. Қатонқарағай көрсеткен үлгі туризмді дамыту жолында талаптанып жүрген өзге де мемлекеттердің менеджерлеріне мысал ретінде берілмек.
Green Destinations Top 100 Stories ұйымдастырушылары туризм индустриясы алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, 2023 жылғы бағыттардың тұрақтылығы мен жауапкершілігін арттыру бойынша қажырлы жұмыс жасауда. Тізімде таңдалған барлық орын тұрақты дамудың негізі ретінде бекітілген «Жасыл бағыт стандарттарына» сәйкес бағаланды.
«Біз Қатонқарағай өңірін тұрақты дамыту стратегиясын бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Бұл рейтинг – біздің жұмысымыздың нәтижесі және оны әлем сарапшыларының бағалағаны одан сайын жігерлендіреді. Біз енді Қатонқарағайды ауаға зиянды газ шығармайтын еліміздегі ең алғашқы жасыл аймақ ретінде көргіміз келеді. Негізінде, Қазақстанның әрбір өңірінің тұрақты даму жолына түсуге мүмкіндігі бар. Ол үшін өңірді дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы мен оны жүзеге асырудағы қоғам, бизнес және мемлекеттің бірлескен жұмысы қажет», – деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.
Тұрақты туризм бойынша кеңесші, Қазақстан мен Қырғызстандағы Green Destinations өкілі Анула Галевска Қатонқарағайдың әсем табиғаты мен оның тарихи-мәдени ерекшеліктері туризм үшін үлкен әлеуетке ие екендігін айтады.
«Мен Қазақстанның тұрақты даму, туризм саласында қалай дамып келе жатқанын бақылап отырамын. Қазір осы жолда нақты қадамдар жасалып жатыр. Сондай-ақ біз қолға алған бағыт Қатонқарағайдың экотуризмді дамыту бойынша Топ-100-ге кіргеніне қуаныштымын. Қазақстанның тұңғыш рет Top 100 Green Destinations Stories тізіміне енуі – бәріміз үшін үлкен жетістік. Өйткені бұл тек қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін мақтанарлық оқиға. Енді ол басқа аймақтарға да үлгі болмақ. Осы тұста тұрақты даму бойынша жұмыстар бірінші өңірдің өзінен, яғни төменнен жоғары қарай жүргізілетінін баса айтқым келеді», – деді Анула Галевска.