Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры өзіне қарасты компанияларды жекешелендіру бағдарламасы аясында 2023 жылы Qazaq Air әуе компаниясын IPO-ға шығарады, деп хабарлады қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева.
«Qazaq Air-дің 100%-ға дейінгі акциясы сатылады, бәрі инвесторлардың мүдделеріне байланысты», - деді Нұрбаева.
Ол сондай-ақ қордың 2023 жылы «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ (KEGOG) акцияларының 5%-ын SPO өткізу туралы бұрын жариялаған жоспарларын растады.
2015 жылы құрылған әуе компаниясы 2018 жылы алғаш рет өзін өзі ақтап плюске шыққан еді.
2021 жылы компания 570 мың адам тасымалдап, 12,7 млрд теңге табыс тапты.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Air Astana, Qazaq Gaz, Қазақстан Темір жолының қашан IPO-ға шығатыны айтылған еді.