Желтоқсан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 454,69 теңгеге дейін 0,8%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 192 млн-нан 176 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттерді қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның акцияларын сатып алу үшін желтоқсанда 646 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын және күніне 34 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін желтоқсанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 191 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 5%-ын құрады.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк желтоқсанда 30 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алуды да жүзеге асырды.

Ұлттық Банк желтоқсанда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1-ден 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.

2024 жылғы қаңтарда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 100 млн-нан 200 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде, ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін валюта сатып алу 30 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтілуде.

Ұлттық Банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты мейілінше толық ашып көрсетуді көздейді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.